$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Көрісу айты - Әз-Наурыз мерекесіне тура бір апта қалғанда тойланатын мереке

AstanaTV
14.03.2014ж. 20:00
2712
Көрісу айты - Әз-Наурыз мерекесіне тура бір апта қалғанда тойланатын мереке

Бүгін еліміздің батыс өңірлерінде Көрісу айты. Күн мен Түн теңелер Әз-Наурыз мерекесіне тура бір апта қалғанда тойланатын амал мерекесі. Қыстан қысылып шыққан ағайын дәл осы күні жақындарымен, дос-жарандарымен, тамыр-таныстарын аралап, бір-бірімен төс қағыстырып, амандық-саулық сұрасады. Мейраммен құттықтап, арқа-жарқа болып айтшылап, бір-бірінің үйінен дәм татады. 


Бір атаның балалары айт мерекесіне орай қара шаңырақта бас қосты. Жұмыста жүрген үлкендерді жоқтатпаған бүлдіршіндер сабақтан кейін осы үйді бетке алыпты. Әлдиі әнге айналған әжесінің қолынан дәм татты.


Немере-шөбере сүйіп, шөпшегінің қызығынан да үмітті қария, Кеңес Одағы кезінде де бұл дәстүрді отбасында тойлапты. Қазір де ата дәстүр сақталған.


Бақыт Тұрәлиева:


Совет үкіметі дегенменен, онда да өзіміздің салт-дәстүрімізді, жаңағы, той-думанымызды немесе жаңағы көрісу айтын, наурыз айтын өзіміз жақсы өткіздік. Сол заманда бар балаларды шанаға салып аламыз да, барып көрістіріп, соған барып-қайтып келіп жүрдік.


Жалпы, Көрісу айты Наурыз мерекесіне бір апта қалғанда басталады. Ежелгі дәстүр бойынша, бұл күні жасы кішілер үлкен шаңыраққа амандық сұрап кіреді. Таңмен таласа оянып, ағайыннан амандық тілегендердің ырысы мен бір ісі артық, мерейі де үстем болады деседі қариялар. Үлкен мәнге ие бұл дәстүр бүгінде тек батыс өңірінде белгілі болғанымен, айтылар тілек-лебіз алты Алашқа ортақ .


Серік Ықсанғали, шығыстанушы:


14 күн айырмасы бар ескі календарь бойынша бүгін 1 наурыз.


Бақыт Тұрәлиева:


Сәлем бердік деп көшедегі көрген адам айтады. Бірақ көрісудің орны бөлек, ол өйткені сенің жақындығыңды, сенің ағайындығыңды, сенің сыйластығыңды білдіреді.


Бүгін жарым көңіл балалар үйінде де мереке. Отбасылық үлгідегі балалар ауылының жеткіншектері бір-бірінен амандық сұрасып, тілектерін жаудыруда. Түрлі тәттіге өзі, жылы сөзге көңілі тойған өрендер үшін мұндай мейрамдардың жөні бөлек.


Еркін Карин, тілші:


Бұл күні кемінде 40 үйге кіріп, саулық сұрасу керек екен. Тірлігі қарбалас қалалықтарға қиындық туғызған дәстүрді заманауи техника оңайлатып жіберді. Жұмыстан мойныңыз босап, қолыңыз қалт еткенде телефонмен амандық сұрасып, ал жұмыс арасында түрлі әлеуметтік желілер арқылы да құттықтау тілегін жолдауға болады. Егер әлемдік желінің белсенді қолданушысы болсаңыз, қырық шаңырақпен шектелмей, мыңдаған адамға жылы лебізіңді білдіре аласың.


Еркін КАРИН