$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Ақмола облысында 42 мемлекеттік қызметкер пара алып жатқан жерінде ұсталған

AstanaTV
17.03.2014ж. 10:00
727
Ақмола облысында 42 мемлекеттік қызметкер пара алып жатқан жерінде ұсталған

Ақмола облысында былтырдан бері 42 мемлекеттік қызметкер пара алып жатқан жерінде ұсталып, заң алдында жауап берді. Қолы сұғанақтардың басым бөлігі - ауыл әкімдері, облыстық департамент басшысы, қалалық басқарма жетекшісінің орынбасары, аудандық мемлекеттік мекеме басшылары болып шықты.

Парақорлар санының еселеніп кетуіне орай, Ақмола облысында Өңірлік даму министрлігінің өкілдері жиын өткізді. Олар «Ар-намыс Кодексімен» қоса, «Этика бойынша кеңестерін» ұсынды. Ал облыстық прокуратура шағын және орта бизнес саласында мұндай заң бұзушылық тіркелген жоқ дейді.

Ақылбек Смағұлов, Ақмола облыстық прокуратурасының аға прокуроры
:

Міндетіміз - жеке кәсіпкерлердің құқығын қорғау. Осыған байланысты сіздер сұрақ қойып жатырсыздар, жемқорлыққа жол береді ма деп. Біздің ойымызша, жол берілмейді. Өткен 2 айдың арасында 60%-нан құқық бұзушылық табылмағаны жөнінде анықталды.

Естеріңізге салайық, Президент Нұрсұлтан Назарбаев сәуірден бастап шағын және орта бизнес саласын тексеруге мораторий жариялады. Яғни, отандық кәсіпкерлер жоспарлы тексерістен толық босатылады. Белгілі болғаны, енді Өңірлік даму министрлігі 1-қыркүйекке дейін жаңа заң жобасын жазып шығуы тиіс. Заң шағын және орта бизнес нысандарының жұмысын жеңілдетіп, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының рөлін ұлғайтуға бағытталған.

Бауыржан Бекешев, ҚР Өңірлік даму министрлігі, Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаментінің директоры:

Әлемдік тәжірибеге сәйкес, кәсіпкерлер арасында өзін-өзі басқару мекемелері құрылады. Бұл мемлекеттік ұйым емес, кәсіпкерлер өздері құрады. Мәселен, елімізде дәл осындай функциясы бар Адвокаттар алқасы жұмыс істеп келеді. Тәуелсіз мекемені 2015-жылдың 1-қаңтарына дейін құруды жоспарлап отырмыз.

Сымбат МОЛДАТАЙ