$498.34 €519.72 ₽4.85
×

ШҚО-дағы Серебрянскінің тұрғындары тұтынбаған жылу үшін қаржы төлеуден бас тартып отыр

AstanaTV
17.03.2014ж. 20:00
1034
ШҚО-дағы Серебрянскінің тұрғындары тұтынбаған жылу үшін қаржы төлеуден бас тартып отыр

Шығыс Қазақстан облысындағы шағын қала Серебрянскінің тұрғындары тұтынбаған жылу үшін қаржы төлеуден бас тартып отыр. Олар шағым айтып бармаған жері, баспаған таулары қалмағандарын айтып, ақпарат құралдарына шықты. Ал жергілікті жылу беру мекемесі болса, тұрғындарды айыптап, сотқа арыз түсіріп үлгірген. Өңірдегі тілшіміз Қанат Оралбек мәселенің ақ-қарасын ажыратуға тырысып көрді.

300-ден астам отбасы өмір сүретін шағын қала тұрғындары, жылу мекемесіне көңілдері толмай, 2012 жылы орталық жылу беру жүйесінің қызметінен бас тартыпты. Баспаналарын өз беттерінше жылыта бастаған. Бірі темір пеш орнатса, енді бірі электр пештерін тұтынып отыр. Орталық жылу беру мекемесі болса, тұрғындарға тұтынбаған жылу үшін қомақты сомма жазылған түбіртектер жіберуін тоқтатар емес. Қаржыны төлеуден бас тартқандарын сотқа берген.

Ольга Полторанина, Серебрянск қаласының тұрғыны:

Бізді ешкім тыңдағысы келмейді, біз аудан әкіміне, облыс әкіміне шағымдандық. Еш шешім, көмек жоқ. Астанаға да хат жолдадық. Ешкім біздің жағдайды шешуге тырыспайды да. Біздің үстімізден, үш жүз отбасының үстінен жылыту мекемесі сотқа арыз жазып жатыр.

Татьяна Кветкина, Серебрянск қаласының тұрғыны:

"Қазақэнергоэкспертиза" маған сараптама жасап берді. Жылуды тұтынбағанымды дәлелдедім. Біздің соттасып жүргенімізге екінші жыл болды. Жылу үшін шаршы метріне бұрын 130 теңге төлесек, енді жеке тұлғалар 330, заңды тұлғалар 500 теңге төлеуге мәжбүр. Тарифті осылай аспандатты. Біз сосын бас тартқанбыз. Енді келіп тұтынбаған жылу үшін төлеңдер дейді. Үйдегі жылыту батареяларын түгел қиып тастағанбыз. Сонда не үшін төлейміз?

Жылу беру мекемесінің өз айтары бар. Олардың пайымдауынша, баспанаға жылу келді ме, демек тұтынушы төлеуге міндетті.

Николай Кошкаров, Зырян аудандық «Бұқтырмаинфросервис» ММ заңгері:

Жылыту мекемесі жылуды әр үйдің жертөлесіне дейін кіргізіп берген. Әр пәтерге дейін жылу жүйесін тартуға міндетті емес. Үйге жылу барды ма, ары қарай тұрғындар шаршы метріне байланысты төлеу керек. Ол тұтынды ма, жоқ па, бізге белгісіз. Жылу батареяларын қиып тастадық дейді, дегенмен жылу үйге дейін барып тұр ғой. Біз тауарымызды ұсынып отырмыз.

Тұрғындардың дені дербес сарапшы шықыртып, жағдайдың ақ-қарасын ажыратып беруді өтінген. «Қазақэнергосараптама» мекемесі мамандарының айтуынша, тұрғындардың тұтынбаған жылу үшін төлемеуге құқы бар. Ал жылу беру мекемесінің талаптары орынсыз дейді.

Александр Артюшин, «Қазақэнергосараптама» кәсіпорнының сарапшысы:

Біз есептеп шықтық. Жылу беру мекемесі қызмет түрін сапалы ұсынса, тұрғындар төлер еді. Пәтер ішіндегі жылу батареяларын толық қиып тастаған. Сондықтан, жылу үшін төлеуге міндетті емес.

Жылу беру кәсіпорнының сараптамалық мекеме қорытындысына құлақ асқысы жоқ. Жылыту мекемесі сотқа арыз түсірген. Жағдайға жергілікті билік жедел араласып, шешім шығармаса, істің насырға шабар түрі бар. Ашынған үш жүз отбасы заңды құқымызды қалай да қорғап қаламыз деп, белді бекем буып отыр.

Қанат ОРАЛБЕК