$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қызылордада Абай көшесіндегі үйлер шатырға жиналған қар суынан зардап шегуде

AstanaTV
17.03.2014ж. 20:00
1487
Қызылордада Абай көшесіндегі үйлер шатырға жиналған қар суынан зардап шегуде

Көктем түссе, Қызылорда қаласындағы ескі үйлердің жыртығы сөгіледі. Абай көшесіндегі үйлер шатырға жиналған қар суынан зардап шекті. Әсіресе жоғарғы қабатта орналасқан пәтерлер аймандай. Дегенмен, пәтер иелері тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасына жүгінгісі жоқ. Тілшіміз Шарипа Сақтапова тұрғындармен бірге шатырды жамау жолдарын іздеп көрді.

Үсенбай отбасының төбесінен су сорғалағанына бір апта болыпты. Еріген қар суы қабырғаға жайылған соң, қауіптеніп, өздері электр желісін ағытып тастапты. Бүгінде пәтер қабырғалары көгерген. Дәл осындай жағдайды оның іргелес көршелері де бастан өткізіп отыр. Олар жыл сайын өз күштерімен шатырларын жөндегенімен, нәтиже болмағанына қынжылады.

Сағынай Үсенбай:

3 күн болды газсыз, жарықсыз отырмыз. Баламыз сабақтан қалды.

Марина Қалиева:

Күйеуім қар жауса, күрейді де тұрады. Төбесіне смоланы құйып келе жатырмыз. Одан қалды цемент төсеп жатырмыз.

Раушан Сұлтанова:

Неше жыл болды cудын астында жүргеніміз шолпылдап, бір күні жүзетін шығармыз. Әр көктемде жұрттар Дариядан қорықса, біз төбеден, тамның төбесінен қорқамыз.

Ал көршілес бүтін бір кіреберіс суға толған. Мемлекеттік тұрғын үй жаңғырту бағдарламасы бойынша шатыр жөндеуге тұрғындардың көпшілігі келіспепті.

Людмила Рыжова:

Ол бағдарламаға қосылсақ, көп қаражат төлеуіміз керек, ал біздің құтымызды қашырған шатыр ғана. Жертөлеміз құрғақ, таза. Барлығы жақсы. Тек осы шатырдың кесірінен жылда суға кетеміз. Бұлай тұра беру мүмкін емес. Барлық кіреберіс суға толды, қабырғаларды су басты. Қалай өмір сүреміз?

5-қабатты екі үй 1996 жылы салынған. Жалпы 48 пәтер бар. Тұрғындар содан бері күрделі жөндеу жасалмаған деп отыр. Ал қалалық тұрғын үй инспекциясы "бар кінә тұрғындардың өздерінде" дейді.

Оразхан Абдуллаев, Қызылорда қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

1-2 бөлмеліктер 3-4 мыңнан төлейді, 3-4 бөлмеліктер 6-7 мыңнан. Жеті жылда қайтарылуы тиіс қаражат. Жағдайы жоқтарға қалалық әлеуметтік бөлімі арқылы тиісті құжаттарын тапсырып, әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Дегенмен, шенеунік тұрғындарға пәтер иелері кооперативінен жауап алуға кеңес берді. Ал ПИК төрайымы тұрғындарды қаражат жинап, арнайы бағдарлама арқылы жөндеуге шақырып отыр.

Кенжегүл Еспаева, «Көк дала» ПИК төрайымы:

Енді көктемде, Құдай қаласа, тағы көреміз. Эксплуатация  шығынынан, егер халық жинап берсе, мүмкіндігінше ағымдағы жөндеу жасаймыз.

Қалай болғанда да, дәл қазір атқамінерлер тарапынан көмек қолын созар жан болмай тұр. Тесілген төбені тұрғындардың өздері жамайды. Ал көктемнен кейін тығырықтан шығар жолды таңдауы шарт. Әзірге олар төтен апаттың алдын алып, электр, газ желілерінен бас тарта тұрғанды дұрыс көріп отыр.

Шарипа САҚТАПОВА