Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Ақтауда екі айда ит қапқан 213 тұрғын дәрігерлерден көмек сұрап үлгерді

AstanaTV
18.03.2014ж. 20:00
1743
Ақтауда екі айда ит қапқан 213 тұрғын дәрігерлерден көмек сұрап үлгерді

Бұралқы иттерді ату керек пе, асырау керек пе? Бұл - ақтаулық қаңғыбас иттерді атушылар мен оларды қорғаушылар арасында бітпей тұрған дау. Атушы тарап «адам өмірін олардан құтқару әлдеқайда маңызды» десе, екіншісі "мәселені өлімсіз- ақ шешуге болады" дейді. Дегенмен, небәрі екі айда ит қапқан 213 тұрғын дәрігерлерден көмек сұрап үлгерді.

Геннадий Ли - қаңғыбас иттерді атып, өлтірудің шебері. Бес жылда оның оғы тиіп, бақилық болған ит пен мысықтың саны мыңға жеткен. Бұрын бір күнде үйсіз- күйсіз жүрген 40 жануардың көзін жоя алатын мерген қазір құрбандарының санын азайтыпты. Десе де, ол тірі жанға, тіпті, улы дәрі шаншып өлтірудің өзі оңай емес дейді.


Геннадий Ли, бұралқы иттерді атушы:


Жергілікті тұрғындар мезі болып, оларды ату туралы өтініш жазады. Біз еріккеннен немесе өзіміз шешіп алып, атып тастамаймыз ғой. Әрине, иттерді ату қиын, аянышты. Бірақ олардың көзін жоймасақ, кішкентай балаларды қауып алады.


Иесіз қалған ит тобыры көбінесе қаланың шеткері аймақтарын паналайды екен. Өтініш жазған - осы ауданның тұрғындары. Ал оққа ұшқан иттің денесі крематорийларда өртеліп, көзі жойылады.


Қайсар Әубәкіров, «Каспийгруп» ЖШС директоры:


Крематорий бізде Ақтау полигонында орналасқан. 2013 жылдың сәуірінен бастап бүгінге дейін атылған ит саны 2500 жуықтайды. Мысықтың саны- 1500-1700.


Осыдан бір жыл бұрын Ақтауда жан-жануарларды қорғау ұйымы құрылған. Еріктілер иесіз қалған иттерді асырауға алып, оларға жаңа пана болар адам іздейді. Бүгін олар жинаған күшік саны 50- ге жетіпті. Ал бұралқы иттерді дәрілеп ұрықсыздандыру құны 40 мың теңге тұрады.


Евгения Макарова, жануарларды қорғаушы:


Оларды ұрықсыздандыру керек. Бұл үй жануарларына да қатысты. Қаңғыбас жануарлар өз-өзінен пайда болмайды, олар түптеп келгенде үйде өседі.


Ал мәселеге алаңдаулы дәрігерлер болса, жыл басынан бері 213 жанды ит қапқанын айтып ашулы. Абырой болғанда, олар қайғылы жәйттің алдын алып үлгеріпті.


Гүлнәр Көркембаева, аса қауіпті жұқпалы ауруларды және карантин инфекцияларды қадағалау бөлімінің басшысы:


Иттерден жұғатын аурулардың басты түрі - құтырма. Ол ең қиын да қауіпті инфекцияның бірі. Оның соңы 100% өлімге әкеліп соқтырады. Республикамызда 27 оқиға тіркеліп, сол 27- сі де өліммен көз жұмды.


Сонымен, қаңғыбас иттерді асырау керек пе, әлде атып тастау дұрыс әрі жеңіл шешім бе? Бұл сұрақтың жауабын беру қиын. Бір анығы - үй жануарларын далаға тастап, қоғамға қауіп төндірместен бұрын ойланған абзал. Сонда дәл осындай талас та тумайды.


Сымбат МОЛДАТАЙ