Сапасыз құс еті сатылымда жүр! Астана қаласының санитарлық-эпидемиологиялық орталығы тауық етін сынақтан өткізіп, бірнеше дөрекі заң бұзушылықты әшкереледі. Ресей мен Беларусьтан тасымалданатын тауық еттерінің құрамынан зиянкес бактерия табылған. Ал салмағын арттыру үшін етке аямай су егіліпті. Ағзаны улап жатса да, шекара шебінен оп-оңай өтіп жатқан тағам туралы Сымбат Молдатай.
Тауық еті дүкен сөресіне жеткенше, зауытта өңдеуден өтеді. Соның бірі -
инжекторлау процесі, яғни тауық етіне дәмдеуіштер енгізу. Міне, қазір мен ине
шаншып, суды етке енгізіп жібердім. Бұл - құс тұмауына қарсы егілген дәрі емес,
дәмдеуіш те емес, артық салмақ қосып, әккі жолмен ақша табу.
Астана қаласының тұрғындары тұтынушылар құқығын қорғау бірлестігінен көмек сұрады. Олар қазақ тілінде ешбір ақпарат жазылмаған, әрі су татып кеткен сапасыз еттен мезі болыпты. Сондықтан қаладағы бірнеше сауда орталығынан тауық етінің 15 түрі алынып, сынақтан өткізілді.
Қабыкен Закарьянов, «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық
бірлестігінің төрағасы:
Салмағын көбейтіп, су норма бойынша 4% болса, олар 11%-ға апарған. 2,5 есе көбейткен. Сонда жұртты алдап, сапасын кемітіп, ақшаларын
алған жағдай болды.
Санитарлық-эпидемиологиялық зерттеу нәтижесі мынандай: сынақтан өткен 15
еттің үшеуі, яғни 20 пайызы сумен толтырылған. Ең көп суды қосқан - Ресейдегі
Адыгея республикасынан шығатын «Нежнино» серіктестігінің тауығы. 11 пайыз су
қосқан. Беларусьтың Петруха төс еті мен Ресейдің «Аль- Сафа» құс еті 6,6 пайыз
судан тұрады. Ал тиісті норма 4 пайыздан аспауы тиіс.
Зәбида Аушахметова, Астана қалалық санитарлық-эпидемиологиялық зерттеу
орталығының атқарушы директоры:
Құс өнімі әкелінді. Өнімдердің бәрі Ресейдің өнімдері болды. Соның ішінде
екі өнімде маркировкасы дұрыс болмады. Оның қазақша аудармасы болмады. Екі
анализде микроорганизм сальмонелла шықты.
Ең сорақысы, «сальмонелла» бактериясы сан алуан дертке соқтыруы мүмкін.
Зиянды тағам шекарадан оп- оңай өтіп жүр. Өйткені бұл етті шығаратын - Ресей
мен Беларусь - Кедендік одақ мүшелері. Ортақ шарт бойынша осы екі елден
жөнелтілетін еттің ветеринарлық сертификаты болса, тексерілмейді. Зор сеніммен
біздің нарыққа бет алады.
Руслан Шәріпов, ҚР құс өсірушілер одағының президенті:
Келгенше, жолда ол тексерілмейді. Егер Ресейден ветеринарлық сертификат
берілсе, ол Қазақстанға жарайды. Алдын ала хабарлап, бір айдан соң тексеріс жүргізеді. Прокуратурадан ордер болу керек. Бір айдың ішінде бәрі сатылып кетеді.
Бейсенғазы Тастекеев, «Прииртыш» бройлер құс фабрикасының Бас директоры:
Әркім өз өнімін мақтайды, бірақ біздің өнімді мақтаудың да өз себептері
бар. Ең бастысы, біз халықты алдамаймыз. Бірнеше рет осындай тексеріс болды.
Ауыл шаруашылық министрлігі тарапынан.
Мамандар отандық өнімнің әлдеқайда сапалы екенін айтты. Өйткені, тауық
қорегі де сапалы - отандық бидай мен арпа.
Ауылда жүрген кезде сатып алып жейтінбіз, окорочка дейді ғой. Қазақстаннан
алған дұрыс деп ойлаймын. Өйткені Қазақстан жақсы шығарады, Ресейге сенбеймін.
Өз тамағымызды өзімізден алу керек қой, неге біз басқа елге береміз?
Ресейде шығарылған тауықты алғаннан гөрі, Қазақстанда алған тауықты алған дұрыс.
Ресейден алған тауықтардың суы көп шығады, ал қазақстандықтар жалпы жақсы
шығарады.
Сұранысқа сай қазір халыққа қажетті ет мөлшері шамамен 300 мың тонна екен.
Соның тең жартысы қазір өз елімізде шығарылады. Құс өсірушілер одағының
президенті қазір зауыттар салынып жатқанын айтты. Болжам бойынша 2020 жылға
дейін ішкі нарық өзіміздің тауықпен қамтылады.
Сымбат МОЛДАТАЙ