$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің мұражайдағы ордендері мен медальдары жоқ болды

AstanaTV
19.03.2014ж. 20:00
2874
Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің мұражайдағы ордендері мен медальдары жоқ болды

Қанмен келген Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ордендері мен медальдары талан-таражға түсті. Шығыс Қазақстан облысының Таврия ауылында мұражай ашамыз деген желеумен аудан тұрғындарынан ата-бабаларының медальдарын жиып алған мәдениет үйінің қызыметкерлері құнды жәдігерлерді жоғалтып жіберген. Бабаларымыздың сұрапыл соғыс жылдары көрсеткен ерен ерлігі үшін кеуделеріне тағылған естеліктердің қайда кеткендігін әріптесім Қанат Оралбек анықтады.


Қан майданға Таврия ауданынан 1733 азамат аттанған. Олардың жартысынан көбі отбасына аман оралмады. Артында қалған ұрпағына әкесінің көзіндей болған ерлігі үшін көкірегіне тағынған медальдары еді. Бүгінде олардың өзі де жоқ. Бәз біреулер мұражай ашамыз деп бар медальды жиып алып жоқ қылған. "Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар" дейді қазақ. Бұл жағдай ер атағын есте сақтамақ тұрмақ, асылына қол салып, кейбіріне қанмен, кейбіріне шыбын жанымен келген медальдарының талан-таражға түскендігін көрсетіп отыр.


Тамара Федорова әкесі Демян Вологуевтың Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерен ерлігі үшін кеудесіне тағынған І, ІІ дәрежелі Ордендері мен мерейтойлық медальдарын, фотосуреттері мен әскери киімдерін мәдениет үйіндегі мұражайға тапсырған. Әкеден қалған көз сандықта жатып сарғайғанша, өскелең ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен бергендігін айтады батырдың ұрпағы.


Тамара Федорова, Таврия ауылының тұрғыны:


Мәдениет үйінің қызыметкерлері мұражайға әкеңіздің дүниелерін беріңіз дегеннен кейін тапсырдық. Оларды ұқыпты сақтауға міндеттіміз деп бізге қолхат та жазып берді. Әкеміздің ерлігін ел көрсін дедік. Бүгін міне медальдар жоқ. Тек фотосуреттерін қоқыс арасынан тауып алдық.


Ауылда Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің мұражайын ашуды мәдениет үйінің бұрынғы басшысы Николай Шляхов қолға алған. Барлығы үш жарым мың жәдігер жиған. Өзі зейнетке кеткенде мұражайды Аяжан Мусина есімді жаңа басшыға табыстапты.


Николай Шляхов, Таврия ауылдық мәдениет үйінің бұрынғы басшысы:


Құнды жәдігерлерді ауданнан жидық. Ел көрсін, бабалар ерлігін естен шығармасын дедік. Тамаша мұражай ашып қойғанбыз. Менен кейін келген басшы барлық медальдарды жоқ қылып жіберген.


Медальдарды талан-таражға салған басшы бүгінде жұмыстан шығып кеткен. Мәдениет үйінің жаңа директоры Аяжан Мусинадан ешқандай медальдарды қабылдап алмағандығын айтуда.


Арна Дәмдібаев, Таврия ауылдық мәдениет үйінің басшысы:


Шляхов говорит, передал Мусиной, я ничего не принимал и говорю нет. Ничего такого не было.


Ұлы Отан соғысы медальдарын жинаушы мамандардан сұрап көргенімізде бұндай марапаттың құны бүгінгі нарықта екі, үш мың доллар тұрады екен. Бабалар көзінен айырылып, жер сипап қалған тавриялықтар медальдар сатылып кетуі мүмкін деп отыр.


Валерий Семенов, Астана қаласының коллеционерлер басқармасының мүшесі:


Ушаков пен Нахимовтың жай ғана медальдары бүгінгі нарықта екі, үш мың доллар тұрады. Коллекционерлер соғыс медальдарын қатты бағалайды. Түсінбеймін, қалай оларды алып лақтырып жіберу мүмкін.


Аталмыш жағдай бойынша аудандық мәдениет бөліміне хабарласқанымызда, күтпеген жауап алдық. Олар бұл ақпаратты бізден естіді. Айтуларынша, мұражайдың еш құжаты жоқ, заңсыз құрылған.


Болат Шакеров, Ұлан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:


Бір де бір мұражай тіркелмеген. Ол мұражайдың еш құжаты да болмаған.


Болат Шакеров бұл мәселені түбегейлі анықтап, із-түссіз кеткен бұрынғы басшыға және ардагерлердің бағалы дүниелеріне іздеу салатындарын айтты. Мәдениет үйінде жөндеу жұмыстары жүргізілгенде, мұражайда қалған экспонаттарды құрылысшылар қоқысқа лақтырып жіберген. Мектеп оқушылары қоқыс арасынан аталарының суреттін тауып алып мектепке әкелген. Бүгінгі таңда мәдениет үйіндегі мұражайдан қалған жүзден аса жәдігер мектепке көшірілді. Ал бабалар мұрасының енді қайтып табылар, табылмасы белгісіз.


Қанат ОРАЛБЕК