Алматыда
жоғалып кеткен студентті іздеуге 700-ге жуық ерікті азамат көмекке келді. Олар
із-түзсіз кеткен жігітті табу мақсатында қаланың түкпір-түкпірін аралап шықты,
алайда әзірге нәтиже жоқ.
Сәуірдің 29-нан 30-на қараған түні шаһардағы медицина
университетінің 5 курс тәлімгері 23
жастағы Санжарбек Арзиев туған күнін атап өтеді. Серуеннен қайтар жолда ол
досынан көлікті тоқтатуын сұрайды. Сыртқа шығып, ұялы телефон арқылы әлдекіммен
сөйлеседі. Мұнан соң көлікке қайта оралмай, сол күйі іс-түссіз жоғалған. Бұл түнгі сағат 2 жарым
шамасында болған оқиға. Іздестіру шараларына полицияның жедел қызметі де
кіріскен. Алайда, сақшылардың жұмысына жоғалған азаматтың туыстарының көңілі
толмай отыр.
Ұлан
Жүсүев, С.Арзиевтің ағасы:
Бүгін
3 мамыр. Төртінші күн іздеп жатырмыз. Ешқандай өзгеріссіз. Екі күн мейрам
күндерімен тұспа-тұс келгендіктен, іздеу
жұмыстары тоқтап қалды. Біз барлық құқық қорғау органдарының осы іске
араласқанын сұраймыз. Әйтпесе істі жүргізіп жатқан бір ғана полиция қызметкерінің жұмысынан
нәтиже болмайды.
Ермек
Есенов, С.Арзиевтің досы:
Көлікте 5 адам болғанбыз. Ол сыртқа телефонмен сөйлесуге шықты. Содан
келмеді. Біз үйге қайтып кеттік. Таңертең оның оралмағанын көріп, іздей
бастадық. Содан әлі іздеп жүрміз.
Іздестіру
жұмыстарының барысына қатысты Ішкі істер департаментінің өкілдері сұхбат
беруден бас тартты. Қазір Санжарбек Арзиевтің туыстары мен
еріктілер тобы оқиға болған Құрманғазы көшесі маңындағы Есентай өзенінің
жағалауында іздеуді жалғастырып жатыр. Өйткені әлдебір жігіттің өзен аңғарына қарай құлап түскені осы маңдағы
ғимараттардың бірінің бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Бірақ өзенді
сүзіп шыққан сүңгуірлер адам денесін
таба алмаған.
Жоғалған студентті іздеуде медицина университетінің ұстаздары мен
ерікті жастар да аянып қалмауға бел буған. Қоғамдық орындарға Санжарбек Арзиевтің суреті ілінді.
Түс ауа іздеу жұмыстарына қалалық төтенше жағдайлар қызметінің мамандары да
жұмылдырылды.
Евгений
Сулейменов, еріктілер тобының жетекшісі:
700 адамнан құралған еріктілер тобы іздеу
жұмыстарына атсалысуда. Егер бір апта ішінде жұмыс нәтиже бермесе, басқа
қалалардан тағы көмекке 300-ге жуық еріктілерді шақырамыз. Тіпті болмаған жағдайда прокуратурадан көмек сұраймыз.
Айгүл ЕРМАХАН