"Наурыз мейрамы" басты мерекелік шара Астанада "Қазақ елі" монументі маңында тойланды. Барлық сән-салтанатымен безендірілген алаңда Президент халықты жаңа күн, жаңа жылмен құттықтады. Әрі өңірлерден арнайы Астанаға келген өнерпаздармен қосылып, ән шырқады. Басты думаннан Мөлдір Бақытқызының репортажы.
Көздің жауын алатын ұлттық киім киіп қаз-қатар тізілген батырлар мемлекет
басшысын қарсы алуға сақадай сай. "Қазақ елі" алаңына мәртебелі
қонақтар кезекпен келіп жатыр. Президент көп күттірген жоқ. Соңына саяси
элитаны ертіп, бес мың орындық көрермені бар мерекелік сахна орналасқан алаңға
асықты. Осы жерде қазақ елін жаңа жылмен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл - халықтың ұлы мерекесі, күн мен түннің теңелуінің белгісі.
Бірлік, бауырластық, толеранттылық және тұрақтылықтың нышанындай бұл мейрам 5
мың жылдан бері атап өтіліп келеді. Осының бәрі - Қазақстан жүріп келе жатқан
жол. Бұл идеяны біз тәуелсіздігімізді жариялаған күннен бастап жүзеге асырып
келеміз. Бұл - ұлы қазына, біз оны көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Ұлы
мереке болғандықтан үш күн тойлайтын болдық, биыл бес күн тойлаймыз. Осы кезде
ағайын бір бірімен қауышып, ренжіскен болса кешірісіп, кемтарларға көмектесіп,
жағдайын сұрап, тілек тілейтін кез. Сол тілектің барлығы қабыл болсын. Еліміз
аман, жұртымыз тыныш болсын.
Мөлдір Бақытқызы, тілші:
Наурыз мейрамын тойлап жатқан алаң екі бөлікке бөлінген. ВИП аймақта саяси
бомонд алдында еліміздің сахна жұлдыздары барын салса, екінші бөлікте 40 киіз
үй тігулі. Онда облыстардан келген көркемөнерпаздар, жұлдыз. Ал басты мерекелік
концерт барлығына бірдей алып лэд-экраннан көрсетіліп жатты.
Биыл Астанада әз-наурызды тойлауға алты облыстан арнайы ұжым шақыртылған. Міне, алыстан ат артып жеткен атыраулықтар. Киіз-үйлерін он тоғызыншы ғасырдағы құнды жәдігерлермен безендіріп, дастархан жайып Президентті күтіп жүр.
Серік Мұхамбетов, Атырау облыстық таихи-өлкетану мұражайының басшысы:
Поезбен келді жәдігерлер, өнерпаздар да поезбен келді. Екі күн жүріп келдік.
Астананы сағынып келдік.
Өңірлерден барлығы жеті жүзге жуық адам жеткен. Көбі шалғай аудандардан.
Бүгінгі наурызда Астана төрінде Президентпен қосылып ән шырқады.
Бауырсаки берите!
"Қазақ елі" алаңына қыдырып келген қала тұрғындары мен қонақтар
да сыбағасыз қалған жоқ. Тәбеті тартқандарға бауырсақ, наурыз көже мен ыстық
шай тегін үлестірілді.
Астана қаласы әкімдігі наурыз тойына деп таратып жатқан. Көп, елу жәшік
келді. Елу мың бауырсақтан асады. Наубайханаларға тапсырыс бердік. Тегін таратып жатырмыз.
Жасыл желек, гүлдермен безендірілген "Қазақ елі" алаңы жайнап
тұр. Осы декоративті бұйымдар қалың қардың қалада әлі сіресіп жатқанын бір
сәтке ұмыттыратын секілді. Мейрамға орай шаһарды сәндеуге 175 миллион теңге
бөлінген. Ұлттық ойындар, қолөнер, спорт түрлері сусап қалған жергілікті тұрғындардан
бөлек туристерге де қуаныш сыйлады.
Мөлдір Бақытқызы