$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Әз-наурыз Ақтаудағы ондаған этномәдени орталықтың басын Каспий теңізі жағалауында қосты

AstanaTV
21.03.2014ж. 20:00
1270
Әз-наурыз Ақтаудағы ондаған этномәдени орталықтың басын Каспий теңізі жағалауында қосты

Әз-наурыз Ақтаудағы ондаған этномәдени орталықтың басын Каспий теңізі жағалауында қосты. Жуырда олар Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті съезінде бас қосады. Ертеден келе жатқан жаңару мерекесін атап өткен Ақтаудағы думанды мереке туралы келесі бейнематериалда. 


Каспий жағасына қаздай тізілген ақ шаңқан мына киіз үйлер алыстан көз тартады. Мұнда ұлттық-мәдени бірлестіктердің өкілдері қарбалас, олар мерекені қызықтаушыларға арнап дастархан жаюдың қамына кіріскен. Айыр қалпақты қырғыз ағайындар келушілерге самса, шұжық пен ірімшік, өзге де тәттілерді дайындауда. Бір қызығы бүгінгі ас мәзіріне ер азаматтар жауапты екен.


Буймайрам Бурханова, қырғыз ұлттық-мәдени бірлестігінің мүшесі:


Осы арада 20 ұлттық мәдени орталықтар бірге Наурыз мерекесін өткізіп жатырмыз. Тамақ дайындап, сорпа, плов дайындадық. Мерке күндері қазанда ер азаматар тұрады, көпшілікке дәмі тәтті болу үшін.


Ал мына шаңырақ қарақалпақ ағайындардікі. Мұнда молынан дастархан жайылған. Олар қазақтың етіне ұқсас тағамдарды ұсынды. Айтуларынша, қарақалпақтардың негізгі астарына жиде мен балық жатады екен.


Ертбай Оразбаев, «Аллаяр жолы» қарақалпақ ұлттық-мәдени бірлестігінің мүшесі:


Ертеде қарақалпақтар да қазақ сияқты көшпелі болған. Жаугершілік көп болған. Сол кездерде жиде аштықтан сақтап қалған. Ағаш басында тұрды, оны қағып түсірмесе түспейтін. 2-ші мили тағамымыз балық. Жау келгенде малды айдап кетеді, тамақты алып кетеді. Ал балық суда болғандықтан, оған тиіспеген. Жиде мен балық аштықтан алып қалған.


Ал мына алаңда түрлі ұлт өкілдері қол ұстасып, би билеп, әннен шашу шашты. Қазақстан деген бейбіт шаңырақтың тату тұрғындары өздерінің достығы мен сыйластығын тағы бір мәрте көрсетті.


Раиса Маденова, «Қазақстан кәрістері қауымдастығы» ақтау бөлімшесінің төрайымы:


Арайлап атқан әрбір таң нұры елімізге жақсылық пен бақыт сыйласын. Әр шаңыраққа амандық тілейміз! Мереке құтты болсын! Наурыз құтты болсын!


Теңіз жағасындағы киіз үйлер мен оттан түспеген қазан Ақтауға келген шетелдіктердің назарын бейжай қалдырмады. Қазақ жерінде Наурыз мерекесінің қалай тойланатынын алғаш рет көрген жапондар өздеріне таңсық астың түр-түрінен дәм татып үлгіріпті.


Куй Йо Секадзы, жапондық турист:


Түшпара, мәнті, сосын қымыздың дәмін таттым. Қымыз маған өте ұнады. Мұнда өте қызық. Бізге ұнайды. Теңіз жағасындағы мереке, көңілді әрі бақытты халық.


22 наурыз Ұлыс күні - жыл басы деп саналады. Ал ел аузындағы аңыздарға сүйенсек, 21 наурыз түнінде Қыдыр ата даланы аралайды. Қырықтың бірі - Қыдыр деген мәтел де сол кезден қалған. Сол себепті осы күні үйге келген меймандардың барлығын да құшақ жая қарсы алған абзал деседі.


За наш великий Казахстан, за наш Наурыз, Наурыз Кутты Болсын, Амал кутты болсы. Урраааа


Жұрағат БАМАН Еркін КАРИН Светлана СҰЛТАНГЕРЕЕВА