$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Наурыз мерекесін шымкенттіктер өзіндік ерекшеліктерімен бастады

AstanaTV
21.03.2014ж. 20:00
1116
Наурыз мерекесін шымкенттіктер өзіндік ерекшеліктерімен бастады

Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесін шымкенттіктер де өзіндік ерекшеліктерімен бастады. Наурыз алаңында концерттік бағдарламалар қойылса, атшабарда ұлттық ат спорты ойындарының көрігі қызды.


Бұл қазақтың ұлттық ойыны - қыз қуу. Кей жігіттер қуып жетіп бойжеткеннің бетін өпсе, керісінше, қыздарға есе жіберіп, қамшының астында қалып жатқандары да болды. Теңге ілу, аударыспақ ойыны да мерекенің ажарын аша түсті. Білекті жігіттер ат үстінде күш сынасты. Жылқы десе жаны бөлек қазақтың делебесі көкпар ойынында қозды. Бәйгенің бірнеше түрі қамтылды бұл күні. Аламан бәйгеде топқа түскендер 17 шақырымға шейін шапты.

Әлбетте жаңа жылдық іс-шараның ажарын аша түскен тағы спорттық ойын - ұмыт қала бастаған "қошқар көтеру" болды. 60-70 келі келетін қойды нар тұлғалы жігіттер иыққа салып көтеруден күш сынасты. Шарт бойынша жігіттер желкесіне шопан ата төлін мінгестіріп алып, отырып тұруы керек. Қара күштің иесі табылды, ол иыққа қошқарды салып алып, 43 мәрте көтерді. Көрермендердің оған деген ықыласы жоғары болды.

 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ