$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Павлодардың «Ертіс» клубы Теміртаудың «Арыстан» клубымен үш ойында үздік шықты

AstanaTV
21.03.2014ж. 20:00
1272
Павлодардың «Ертіс» клубы Теміртаудың «Арыстан» клубымен үш ойында үздік шықты

Шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатында плей-офф ойындары жалғасуда. Павлодардың «Ертіс» клубы ақтық сынға тағы бір табан жақындады. Бұл сында Теміртау қаласының «Арыстан» клубымен сынға түсіп жатқан Юлиус Пензестің шәкірттері қатарынан үш ойында үздік шықты.


Бұған дейін Павлодар қаласында өткен екі ойында басым түскен «Ертіс» командасы енді Теміртау қаласында да үздік шықты. Кездесу басынан айдын иелерінің қақпасына тап берген қонақтар екі бірдей шайба соқты. Алдымен Мирослав Залешак бұл ойындағы алғашқы шайбаны соқса, араға екі минут салып Михал Грман есепті еселеді.


Қарымта шабуылға шыққан Вячеслав Беланның шәкірттері ұрымтал сәттің бірінде есепті қысқартты. Бұл сәтте Максим Орлов мергендігімен танылды.


Бірақ «Арыстан» командасы жанкүйерлерінің қуанышы көпке созылмады. Алғашқы үзілістен кейін үлкен күшпен алға ұмтылған Юлиус Пензестің шәкірттері есепті 4-1-ге жеткізді. Бастапқыда Томаш Вак шеберлігімен көзге түссе, артынан Максим Худяковтың қанжығасы майланды.


Кездесу аяғына қарай алаң иелері Роберт Крейчи және Сэм Робертстің көмегімен есепті бір шайбаға дейін қысқартқанымен, олардың одан артыққа шамалары келмеді. Қорытынды есеп 4-3 «Ертіс» командасының пайдасына. Егер төртінші ойында да Кереку өңірінің хоккейшілері үздік шықса, онда олар финалға шығады.


Самат ҚАНАҒАТОВ