$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Қырғызстан Халықаралық валюта қорынан 13,2 млн $ қарыз алуы мүмкін

AstanaTV
03.05.2016ж. 20:00
1847
Қырғызстан Халықаралық валюта қорынан 13,2 млн $ қарыз алуы мүмкін

Қырғызстан Халықаралық валюта қорынан 13,2 миллион доллар қарыз алуы мүмкін. Бұл туралы елдің премьер-министрі Сорбонай Жеенбеков пен қордың басшысы Эдуард Джемаэл арасында өткен кездесуде белгілі болды. Премьердің ресми сайтында жарияланған дерекке сай, бұл - қаржылай көмектің үшінші бөлігі. Алғашқы екеуі 2015 жылы алынған. Бұл жолғы транш Қырғызстанның экономикалық көрсеткішіне қарай берілмек. Ал, елдің бұл тұрғыдағы көрсеткіштері көңіл көншітпейді.

Атап айтсақ, 2016 жылы Қырғызстанда бюджет тапшылығы 4 пайызды құрап, 22 млрд сомға жетті. Алты жыл бұрын бұл көрсеткіш екі есе аз, яғни 13,6 млрд болған. Елде 2005 және 2010 жылдары болған екі төңкерістен кейін қырғыздардың экономикасы күрт құлдырап кетті. Жұмыссыздық 8 пайызды құрайды. Екі қолға бір күрек таппай жүргендер саны 200 мың адамнан асады. Көпшілігі нәпақа табу үшін, басқа елдерге аттанып кеткен.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ