Он
мыңға жуық украиналық азамат Қазақстаннан жұмыс тапқысы келеді. Бұл бір ғана
жұмыспен қамту агенттігіне келіп түскен өтініштер саны. Украинадағы саяси
тұрақсыздық пен күрделі ахуалдан мазасы қашқан тұрғындар күнкөріс қамымен өзге
елдерге ағылуда. Басым бөлігі Қазақстандағы экономикалық тұрақтылыққа
қызығады. Елдің еңбек нарығына енгісі келеді. Өндіріс саласында еңбек етіп
жүрген украиналықтардың тіршілігімен Айгүл Ермахан танысып келді.
Алматыға
жұмыс іздеп келгендердің бірі - Игорь Боков. Киевтегі дағдарыстың азабын бір
кісідей ақ тартқан. Өз елінде мардымсыз жалақы алған тәжірибелі маман өзге
елдің өндірісінде нәпақа табуға бел буады. Қазір алюминий өндіретін компанияның
директоры болып қызмет етіп жүр. Қазақстан нарығындағы даму көрсеткішіне қызыға
қарайтын украиналық маман өз еліне оралғысы жоқ.
Игорь
Боков, алюминий шығаратын компанияның
директоры:
Біздің
елде экономикалық көрсеткіштер төмендеп кетті. Барлық зауыттар тоқтап тұр.
Адамдар мардымсыз жалақы алады. Ал Қазақстанда өндірісті дамытуға мүмкіндік
мол. Қазір мұнда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Мұндай дамуды басқа елдерден
көрмейсің. Біздің тауарларымызға деген сұраныс та жоғары.
Бір
ғана жұмыспен қамту агенттігіне 10 мыңға жуық украиналық хабарласқан. Олардың
барлығы Қазақстаннан жұмыс сұрайды. Көпшілігі қаржылық жағдайын түзеп, қомақты
жалақы алуды көздемейді. Әйтеуір "екі қолға бір күрек" табылса болды
деген ұстанымда. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етуден де қашпайды. Қара
жұмыс істеп құрылысшы болуға ниет білдіргендер де жетерлік.
Алма
Жандәулетова, рекрутингтік агенттіктің бас директоры:
Жұмыс
іздеушілердің басым бөлігі - украиндықтар. Аптасына біз олардан бірнеше түйіндеме
қабылдаймыз. Тіпті соңғы кезде кадрлық агенттіктері хабарласатын болды.
Әсіресе, тамақ өнеркәсібі мен ауыл шарушылығына
деген сұраныс жоғары. Бұрындары
тек ер адамдар жұмыс істеуге ниет білдірсе, олардың қатарына нәзік жандылар да
қосылды.
Экономист
Меруерт Махмұтованың айтуынша, Қазақстанның еңбек нарығы Үкіметпен бекітіледі.
Шетел азаматтары үшін арнайы квота қарастырылған және елімізге шеттен жұмыс
іздеп келушілер қатарының артқаны байқалуда.
Меруерт
Махмұтова, экономист:
Бұрынғы
жылдары мөлшері 29,30,31 мың болды. Былтырғы жылдың ортасында мөлшері 36
мың шетел азаматтары келді. Бірінші, екінші категория - ол өнеркәсіп
компаниялардың топ менеджерлері және олардың орынбасарлары. 3-4 - ол қара жұмыста
еңбек ететін, жоғары білімсіз мамандар.
Менің ойымша, әсіресе осы 3-4 категория
Қазақстанға келіп отыр.
Айгүл
Ермахан, тілші:
Бизнесте болашаққа жоспар құру үлкен маңызға ие. Мұны
тек әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық орнаған елде ғана жүзеге асыруға болады. Елімізде осындай қолайлы инвестициялық
климат қалыптасқан. Осыны түсінген өзге елдің тәжірибелі азаматтары қазір ел
нарығын отандық өнімдермен қамтып, импортты біртіндеп ығыстыруды жоспарлап отыр.
Айгүл ЕРМАХАН