Оңтүстік Қазақстан облысында газ
баллоны жарылды. Жеке үйдегі жарылыс салдарынан бір отбасының алты мүшесі
әртүрлі дәрежеде күйіп қалды. Оның екеуі екі жасар және жаңа туылған нәресте.
Қазір барлығы да ауруханада ем қабылдап жатыр.
Жарылыс Сарыағаш ауданы Жібек жолы
ауылында орын алды. 50-литрлік сығымдалған газ
баллоны кенеттен жарылып, арты өртке ұласқан. Тілсіз жау шарпыған ас үйдің
жалпы аумағы 20 шаршы метр. Өрттің шығу себебін мамандар анықтап жатыр.
Нұрлан Темірбаев, ОҚО ТЖД баспасөз қызметінің бас маманы:
Оқиға орнына ОҚО
төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің 7 қызметкері мен 2 дана
техникасы және газ қызметінен үш қызметкер мен бір дана техника жұмылдырылды. Төтенше жағдай орын алған жерге мамандар келіп жеткен бойда
жарылыс ас үй бөлмесінде орын алғаны анықталды. Жарылыс соңынан өрт тұтанып, бөлменің шатыры мен жаппасымен
тұрмыстық заттар жанған.
Тағы бір қайғылы жағдай Шымкенттің
іргесінде тіркелді. Көмірқышқыл газынан бір
үйдің төрт адамы тіл тартпай кетті. Аман қалған тек жеті жасар қыз бала.
Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының
айтуынша, негізгі себеп қатты отынмен жылытылатын пешті дұрыс қолданбаудың
салдары болған.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ