Петропавлда он мыңнан астам
тұрғыны бар аудан мен қала арасында қатынас үзілейін деп тұр. Шаһар билігі екі жақты
қосып тұрған алып көпірді жауып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізбек. Бұған
жергілікті тұрғындар алаңдап отыр. Ал әкімдіктегілер, қатынастың қиындауы
уақытша екенін айтып, жұртты сабырға шақыруда. Мәселенің мән-жайын аймақтағы
тілшіміз Абзал Құрманкин таратып көрмек.
Өткен ғасырдың 60 жылдарында бой
көтерген бұл көпірдің әбден тозығы жеткен. Алдымыздағы сәуір айынан бастап көпір
бастан-аяқ жөнделмек. Алайда, жаңғырту жұмыстары Жұмысшы кентінің тіршілігін
тығырыққа тірейін деп тұр. Себебі, бұл тас жол шағын аудан мен шаһар
қатынасының күретамыры болып табылады. Көпір жабылғаннан соң, тұрғындарға
қалаға жету үшін теміржолдан жаяу кесіп өтуге тура келеді, ал көлігі барлар
айналма жолмен 20 шақырымдай жүруі керек.
Күре жолдың тозып кеткенін қарапайым халық жүк көліктерінен
көріп отыр. Жүргізушілер ауыр салмаққа тыйым салатын жол белгісін
елемейді-,дейді. Жалпы, Жұмысшы кентіне 5 бағыт бойынша қоғамдық көліктер
қатынайды. Ал көпір жабылған соң, автобустардың бір бөлігі қалада қалса, екінші
жартысы ауыл аралап жүрмек. Демек, 200 метрлік жол арасыда тұрғындар екі
автобусқа отырып діттеген жеріне жете алады. Бұқараны алаңдататын тағы бір бір
мәселе жол шығынының артуы.
Көпірдегі күрделі жөндеу, әсіресе
қала сыртындағы әмбебеп базардың саудагерлеріне ауыр тиетін түрі бар. Кәсіпкерлердің айтуынша,
тұтынушылардың көбі қаладан келеді. Қатынас үзілген соң тауарға деген сұраныс
бірден төмендей ме деген қауіп басым. Сәйкесінше бұл табысқа әсер етеді.
Светлана Гапоненко, кәсіпкер:
Мына жерді жалға алып
отырғаным үшін ай сайын 150 мың теңге төлеймін. Тауарға деген сұраныс артатын
кезде көпір жабылғалы тұр. Шығынға батуымыз мүмкін. Сатып алушылар азайғасын не
істерімізді білмейміз.
Атқамінерлер көпірді қайта қалпына келтірмесек, оның арты апатқа айналуы
бек мүмкін, деп қауіптенеді. Негізгі тіректер қазірдің өзінде сыр бере
бастапты. Ал көпірді тез арада жөндеуге Оңтүстік Орал теміржолының басшылары
бөгет болып тұрған көрінеді.
Мирас Сабағанов, Петропавл қаласы «ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ бас маманы:
Бұл мақсатқа бюджеттен
567 млн теңге бөлініп отыр. былтыр 110 млн теңгеге материалдар сатып алдық.
Қалған қаржыға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Көпір Оңтүстік Орал темір жолының
үстінде тұр. Олар бізге тәулігіне 4-ақ сағат жұмыс істеуге рұқсат берді.
Шенеуніктер, қосымша жолдарды да қарастырып көрген. Мәселен, Универсал
көшесінің бойынан қалаға шығатын жолмен қатынау ұсынылды. Алайда, оған
теміржолшылар қарсы.
Мирас Сабағанов, Петропавл қаласы «ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ бас маманы:
Оңтүстік Орал темір жолының басшылығы темір жолдың
үстімен өтетін қандай да бір қосымша жол салуға қарсы. Өйткені, поездар мұнда жиі жүреді. Темір жолдағы
апаттар да соңғы кезде көбейіп кетті. Сондықтан айналма жолмен жүруден басқа
амал жоқ.
Қысқасы, Петропавл мен Жұмысшы
кентінің арасындағы қатынас біраз қиындық тудыратын түрі бар. Көпірді жөндеу жұмыстары
үстіміздегі жылдың аяғына дейін жалғасады деп жоспарланған.
Абзал ҚҰРМАНКИН