$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Өскеменде қарттар үйі жабылады деген қауіп бар

AstanaTV
27.03.2014ж. 20:00
2673
Өскеменде қарттар үйі жабылады деген қауіп бар

Өскеменде қазыналы қарттарымыз қаңғырып далада қалуы мүмкін. Төтенше жағдай қызметкерлері шахардағы 120 орындық қарттар үйін жауып тастады. Мамандар бұған қауіпсіздік шараларының сақталмауы себеп дейді. Ал осы мекемені бірнеше жылдан бері паналап келе жатқан жалғызбасты қариялардың енді қайда барары белгісіз.Қанат Оралбек тақырыпты тарқатады.

Қарттар үйінің басшылығы мекемені жабу туралы шешімді он бірінші наурызда қолына алған. Төтенше жағдай қызметкерлері бұл мекемеде өртке қарсы қауіпсіздік шаралары қарастырылмаған деп отыр. Енді басшылық барар жер, басар тауы жоқ жүз жиырма қартты қайда орналастырарын білмей дал.

Баян Назбиев, Өскемен қалалық мүгедектер және қарттар үйі әлеуметтік мекемесінің басшысы:

2009 жылы қарттар үйінде толық жөндеу жүргенде сол төтенше жағдай қызметкерлері нысанды қабылдап алған. Енді не өзгерді содан бері? Менде 120 адам бар. 60-ы төсек тартып жатыр. Қалғаны қартайған. Өздігімен жүріп-тұра алмайды.

Қарттар үйін жабуға мұнан өзге де жәйттер себеп болған. Талапқа сай еденге кафель төселуі тиіс.Бөлменің есіктері де сыртқа қарай ашылуы шарт. Сондықтан, төтеншеліктер мұндағы жұмсақ төсеніш кафельге алмастырылсын деп бұйрық беріпті. Ал қариялар тас еденде балдақпен жүріп-тұруымыз мұң деп налиды.

Екатерина Трусова, қарттар үйінің тұрғыны:

Онсызда әрең жүргенде балдағымыз тайғанап мерт болсақ қайтеміз. Қарапайым тұрғын үйлерде кафель емес линолиум ғой. Қарттар үйі де біздің баспанамыз. Неге еденге кафель төселуі керек?

Александра Воротынцева, қарттар үйінің тұрғыны:

Бұл жерде бізге барлық жағдай жасалған. Тамағымыз тоқ. Киіміміз таза. Басқа қайда барамыз сонда?

Алайда, төтенше жағдай мамандары алған бетінен қайтар емес. Енді олар сот шешімінің заңды күшіне енуін күтіп отыр.

Елена Өтегенова, ШҚО ТЖД құқықтық қорғау бөлімінің бас маманы:

Шешім 15 күннің ішінде күшіне енеді. Сол кезде мекеме жұмысын тоқтатамыз. Кемшіліктер толық жойылған соң барып қарттар үйі жұмысын жалғастыра алады.

Облыстық бюджеттен қарттар үйін жөндеуге алдағы жазда 11 миллион теңге бөлінбек. Мекеме басшысы сол кезге дейін мұрсат беруді өтініп, жөндеу жұмыстары барысында кемшіліктердің жойылатынын айтып, қалалық сотқа арыз жазыпты. Енді оның жауабын күтіп жүр. 120 қарияның тағдырын да осы жауап шешетін болады.

Қанат ОРАЛБЕК