$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қостанайлық кезбелермен көрші болуды қаламаған тұрғындар наразылық танытуда

AstanaTV
27.03.2014ж. 20:00
897
Қостанайлық кезбелермен көрші болуды қаламаған тұрғындар наразылық танытуда

Қостанайда көп қабатты үймен жапсарлас ашылған жаңа мекеме тұрғындардың наразылығын тудырды. Түнеу мекемесі тұрғылықты мекен-жайы жоқ адамдарға арналып ашылыпты. Қаңғыбастарға бұл жерге түнгі уақытта барып тегін қонып кете алады.

Көп қабатты үйдің тұрғындары қаңғыбастар мекенін қаланың басқа жағына көшіруді талап етіп отыр. Олар әкімдік өкілдерінің ешкімнен келісім сұрамай аула ішінде арнайы бөлім ашқанына наразы.

Мақпуза Мінайдарова, Қостанай қаласының тұрғыны:

Мен осы үйдің тұрғынымын, мен қарсымын бич приемниктің қабылдауына. өйткені менің немерем келеді, балаларым келеді. ойнайтын жеріміз жоқ. бұлар ешқандай режимді сақтамайды.

Жас ана - Анар Батпанаева да іргелес қоныс тепкен жаңа көршілерден қауіптенетінін жасырмайды.Ол енді ауладағы ойын балаларына ерекше бақылау қажет деп - алаңдаулы.

Анар Батпанаева, Қостанай қаласының тұрғыны:

Қайткенмен қорқынышты. Бәлкім олар жұқпалы індетпен ауыратындар шығар. Баламды енді қалай аулаға жалғыз шығарам. Біз тұрғындар түгел наразымыз.

Тұрғындардың арыз-шағымын қазір шаһар билігі қарастырып жатыр. Бірақ оны көшіретін қолайлы орын жоқ. Осы ғимаратты жарты жыл дегенде әрең тауып, жалға алдық дейді, - әкімдік өкілдері. Яғни көп қабатты үйдегі көпшілік кеш бата келетін іргелес көршілерден жуықарада құтыла қоймасы анық.

Жеңіс Қиылманов, «Бейімдеу орталығы»-ның басшысы:

Ғимарат жекенікі. Сондықтан оның қожайыны тұрғындардан келісім сұрамаған болар. Және мұнда түнеу мекемесі болатындығын ол білді.Біз бір жылға келісім-шарт жасасып, жалдап отырмыз. Бұдан басқа орын табамыз деп айту қиын.

«Бейімдеу орталығы» жанынан ашылған жаңа бөлім - наурыз айынан бері жұмыс істеп тұр. Осында түнеуге келетіндер әуелі медбикелердің тексеруінен өтеді.Ішімдік ішкендер қабылданбайды. Бұл бөлім негізінен қаңғыбастық өмір салтын өзгерткісі келмейтін жандарға арналған. Осы уақытқа дейін мұнда 60 адам түнеп шығыпты.

Раушан Әбдірахманова, «Бейімдеу орталығы»-ның маманы:

Санитарлық жағдайлар жасалған, жуынып, киімін ауыстырып, жаңағы киімдерді залалсыздандырып, залалсыздандырудан өтеді. 25 адамның орнына шақталған. Ерлер мен әйелдерге жеке жатын бөлімдері қарастырылған. Түнде келген кісілерді медицина қызметкерлері тексеріп, бастан-аяқ қарап шығады. Және де қандай да бір медициналық көмек керек болса көрсетіледі.

Қостанайлық қаңғыбастар қоныс тауып қуанып жатса, тұрғындар шаһар басшылығына шағымдануда. Жергілікті биліктің қандай шешім қабылдайтыны әзірге белгісіз. Белгілісі, бейімдеу бөлімін ашу үшін қазынадан 23 миллионға жуық қаражат жұмсалған.

Заңғар САНАЙ