Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Жер кодексіне енгізілген өзгерістер агроөнеркәсіп саласын жаңа деңгейге көтереді

AstanaTV
04.05.2016ж. 20:00
1654
Жер кодексіне енгізілген өзгерістер агроөнеркәсіп саласын жаңа деңгейге көтереді

Егіс алқаптарын игеруге шетелден инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашып, халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамту. Жер кодексіне енгізілген өзгерістерді түсіндіру барысында шаруалар осы бағыттарға ерекше мән беру керек деп санайды. Олардың айтуынша, жерді жекешелендіргеннен ұтпасақ, ұтылмаймыз. «Өзімдікі» деген ұғым жерге деген көзқарасты өзгертіп, қамқорлықты арттырады,- деп сенеді кәсіпкерлер.

"Жердің игілігін көру үшін, қажымай еңбектену керек. Сонда ғана мол өнім аласың". Осы қағиданы берік ұстанған қызылордалық кәсіпкер Аббас Қамалатдин 49 жылға жалға алған егістік алқаптарын ендігі жерде сатып алу мүмкіндігі боларына дән риза. Жер кодексіне енгізілген өзгертудің арқасында ірі шаруа қожалығының басшысы бірқатар жеңілдіктерге де ие болатынын біледі.

Аббас Қамалатдин, шаруа қожалығының басшысы:

Шетелдіктер бізге не үшін керек, олардың, мысалы, келіп жерді арендаға алғаны? Ол біздің жерімізді арендаға алмайды, мемлекетте бізде жер көп қой бос, мемлекеттің резервіндегі. Сол жерлерді ғана береді. Ол жерлер өнім өндіруге қиын жерлер. Ал оларда қолында күш бар, қаражат бар. Олар жаңа технология алып келеді, сөйтіп, біз ештеңе өндіре алмай отырған жерден олар көп өнім өндіреді. 

Аукцион арқылы сатып алынып, кейін тиімсіз пайдаланылған жер телімдері мемлекетке қайтарылады. Елімізде осы мақсатқа орай арнайы сертификаттаудан өткен зертханалар құрылуда. Ондағы мамандар бес жыл сайын жер қыртысы мен оның жағдайын зерттейді. Сапасы анықталып, тыңайтқыштар мен минералдар мөлшері тексеріледі. Егер комиссия жерді сатып алған адамның бейқам жүргенін анықтаса, сотқа жүгінуге құқылы.

Дүйсенғазы Мусин, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Егер жер иесі оны аукционнан сатып алып, бірер жылдан кейін өнім беру деңгейі төмендесе, инспекцияның жерді қайтарып алуға құқығы бар. Бұл - егістік жер, сондықтан ол міндетті түрде өз мақсатында пайдаланылуы тиіс. 

Павлодар облысында жалпы аумағы 24 мың гектардан астам 70 жер учаскесі аукционға қойылып, саудаланады. Жер қатынастары басқармасы өкілдерінің айтуынша, сатылымға шығатын телімнің 40 пайызына ниет білдірушілер әлден ақ табылып отыр. Солардың бірі - Гүлмира Лұқпанова. 150 гектар аумаққа картоп салып, ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкер, Жер кодексіне енгізілген өзгерту уақыт талабы, деп есептейді. Әсіресе бос жатқан телімдерді игеру ісін жандандырмақ.

Гүлмира Лұқпанова, шаруа қожалығының басшысы:

Арам шөп болмайды. Жұмыс істейді. Қазақстанға инвестиция келеді. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Мен ойлаймын, тек қана жақсылық, жақсы болады. Жер - біздің анамыз. Жер бізді асырайды. Отбасымызды, бала-шағамызды.

Сатылымға қойылатын жердің әрбір гектарына белгіленетін құн әртүрлі болмақ. Жер қатынастары бөлімі өкілдерінің сөзінше, баға жер телімінің орналасқан аумағына қарай есептеледі. Сондай-ақ, оның химиялық құрамы мен шұрайлылығы да ескерілмек.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ, Шәрипа САҚТАПОВА