$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Керекуде көлік ұрлап бара жатқан күдіктілер құрықталды

AstanaTV
28.03.2014ж. 10:00
1262
Керекуде көлік ұрлап бара жатқан күдіктілер құрықталды

Керекуде тапа тал түсте үй ауласынан ұрланған темір тұлпар кездейсоқ жағдайда табылды. Павлодар облысы, Ертіс ауданына барар тас жолда жол-патрульдік полиция қызметкерлері жылдамдығын асырған ВАЗ-21065 көлігін тоқтатпақшы болған.

Алайда, жүргізуші сақшылардың заңды талабын ескермей, қозғалысын үдете түседі. Соңыра, іштегі үш жолаушыны Алғабас ауылы маңына түсіріп, қашуға қамданады. Жол ортасында қалған азаматтар да тәртіп сақшыларынан құтылып кетпекші болған. Оларды ұстауға кіріскен полицейлер көлік жүргізушісінің құрбанына айнала жаздапты.

Облыстық ішкі істері департаментінің мәліметінше, темір тұлпардың тізгініндегі азамат жол сақшыларына тап беріп, қағып кетуге әрекеттенген. Бірақ, ойы іске аспай, құрықталды. Мамандар күдіктілердің ВАЗ автокөлігін айдап әкетті деген деректі де жоққа шығармайды.

Бибол Жұманов
, Павлодар облыстық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының инспекторы:

Олар 19 және 22 жасар қала тұрғындары. Одан бөлек 21 жастағы автокөлік жүргізушісі бұрын тонау фактісі бойынша сотталған. Қазіргі уақытта осы фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ