$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Наурыз мерекесіне орай бауырлас түрік елінде ақындар айтысы өтті

AstanaTV
28.03.2014ж. 20:00
3275
Наурыз мерекесіне орай бауырлас түрік елінде ақындар айтысы өтті

Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесіне орай бауырлас түрік елінде ақындар айтысы өтті. Қазақтың төл өнері айтыс осыдан біршама уақыт бұрын Лондон мен Парижде өтіп еді. Енді міне Халифа Алтай мен Мұстафа Өзтүріктей алаштың аяулы ұлдары өсіп-өнген Ыстамбұл шаһарында ұйымдастырылды. Астанадан арнайы келген арқалы ақындар Балғынбек пен Жандарбек  Анадолыдағы ағайынға атажұрттың ыстық сәлемін жеткізді.

 

Түркиядағы қандастарымыз наурыз тойына орай мерекелік концерт ұйымдастырды. Ұлттық өнерімізді ұлықтайтын сахналық көріністер қойылып, Ыстамбұлдағы қазақ бала-бақшасы бүлдіршіндерінің әні мен биі орындалды. Жуырда қазақ мәдениеті орталығында домбыра үйірмесі ашылған. Бір топ шәкірт жиылған халыққа жырдан шашу шашты.

 

Қажипа Ербаш, Ыстамбұл тұрғыны:

 

Наурыз көже істейміз ғой бидайдан жасалған. Түріктер наурыз  чорба дейді. Темір ұрып от аттайды, бірақ бізде қазақта ешкім от аттамайды. Мына балалардың биі мен ойынымен тойлап жатырмыз.

 

Тойдың ажарын суырып салма ақындар аша түсті. Айтыс десе делебесі қозатын қалың қазақ сахна төріне ақындар шыққанда, қол соғып, ұзақ қошемет көрсетті. Одан шабыт алған қос ақын аянып қалмай, тегеурінді айтыс жасады. Өткен ғасырдың елуінші жылдары Тибет пен Памир асқан қазақтың көшін жырлап, жарты ғасыр өтсе де, тіл мен дәстүрді сақтап қалған Түркиядағы қандастардың тектілігін тілге тиек етті.

 

Жандарбек Бұлғақ, айтыскер ақын:

 

Құшақ жайып қарсы алған қандастарымызды көргенде, олардың тек ақындар ғана емес жалпы өнерге деген, айтысқа деген ыстық ықыласын байқап жатырмыз. Қандастарымыздың сырт елде жүрсе де, бойында қазақылық қанын бұзбай өнерге деген ілтипатын, ықыласының бәсеңдемегенін көрсетеді. Сондықтан осыншама қара құрым жиылған халықтың құлақ құрышын қандыру біз үшін үлкен мәртебе.

 

Айтысты тамашалауға келген халықтың қарасы көп. Ақындардың жырын тыңдауға  қандастарымыздан бөлек Ыстамбұлда тұратын қырғыздар мен ноғайлар, татарлар мен ұйғырлар да келді. Орысша мен ағылшынша айтысудан тартынбайтын әмбебап ақын Балғынбек Имашев бұл жолы түрік тілінде де жыр шумақтарын ақтарды.

 

Е. ЖҮНІС