Өндірістік тәжірибеден өтетін студенттер үшін оқушылық жұмыс орны
қарастырылады. Ал оларды баулыған білікті маманға қосымша ақы төленуі мүмкін.
Мұны заң жүзінде бекіту ұсынысы демократиялық күштердің «Қазақстан-2050»
жалпыұлттық коалициясы отырысында кәсіпкерлер палатасына тапсырылды.
"Бірлік" партиясы бастамашы болған жиынға "Нұр Отан" және
"Ауыл" партияларының өкілдері қатысты. Білікті маман дайындау -
индустриялы-инновациялық дамуға бет бұрған қазақ елі үшін маңызды.
2020
жылға қарай колледждердің 50 пайызы дуальдік оқыту жүйесіне ауысады. Бүгінде
білім ордалары мен жұмыс берушілер арасында екі мыңдай келісім жасалған.
Студенттер оқу мен тәжірибені қатар алып жүреді. Бұл жөнінде білім және ғылым
министрі Аслан Сәрінжіпов мәлімдеді. Дуальдік оқыту жүйесін дамытуды Президент
өз Жолдауында тапсырған еді. Мұндай үрдіс дамыған елдерде жолға қойылған.
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жыл басында халыққа Жолдауында
таяудағы 2-3 жылда дуальдік, техникалық, кәсіптік білім берудің ұлттық
жүйесінің негізін қалыптастыру керек дей отыра, білім саласындағы бұл бағыттың
стратегиялық маңызын атап көрсетті. Ең алдымен, қарапайым ауыл жастарының қысқа
мерзімде нақты мамандыққа ие болып, еңбекке нық қадам басуына, олардың өмір
саласының артуына жағдай тудырса, екінші жағынан күн санап өсіп келе жатқан ел
экономикасын білікті техникалық мамандармен қамтамасыз етеді.
Елімізде 43 мыңдай инженер-техник жетіспейді. Бұл мамандыққа деген
қызығушылықтың төмендегенін көрсетеді. Тоғызыншы сынып бітірген түлектердің
тек 12 пайызы ғана жұмысшы мамандығын таңдайды екен. Ал дамыған мемлекеттерде
бұл көрсеткіш 30-40 пайыз. Бізде тіпті оқу стандарттары да ақсап жатыр.
Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:
Өндірісте жұмыс істеген тәжірибесі бар инженер, педагог мамандар саны
азайып барады. Жалақының төмендігі оқу үрдісіне білікті кадрлар тартуға
мүмкіндік бермейді. Инженер, педагогтардың жыл сайын тек 7,5 пайызы ғана
біліктілігін арттырады. Көрсеткіш 20 пайыз болуы тиіс. Кәсіби стандарттарға сай
құрылған білім беру бағдарламасы жоқ.
Кәсіптік техникалық мамандық иелерін даярлауға бөлінетін қаражат соңғы үш
жылда 2 есеге артқан. Ал арнайы шеберханаларды жабдықтау шығыны алты есеге
өсті. Алайда бұдан білікті маман саны көбейіп кеткен жоқ. Оқу бітіріп диплом
алып шыққандары өндіріс талабына сай емес. Өйткені теория мен тәжірибе қатар
жүрмейді.
Камал Бұрханов, Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясы білім және ғылым
бағыты бойынша партиялық кураторы:
Бізде көптеген жастар колледжге барады. Колледжге барғанда жұмыс орнына
орналаса алмайды. Неге оқытып жатырмыз, қаржы бөлініп жатыр, мамандық беріліп
жатыр? Бұл жерде өндіріс пен қарым қатынас таяздығы. Осы колледж бен жұмыс
берушінің арасын нығайтатын дуалдық білім беру саласы.
Жиын қорытындысы бойынша үкіметке ұсыныс жолданды. Онда «кәсіби біліктілік»
туралы заң жобасын қабылдауды жеделдетіп, колледждердің материалдық-техникалық
базасын жаңарту жайы қамтылған.
Айгүл ӘДЕПБАЙ