$479.05 €534.57 ₽5.17
×

72 жастағы ақтөбелік қария Ресейде тұратын 3 қарындасы мен 2 інісін тапты

AstanaTV
28.03.2014ж. 20:00
1230
72 жастағы ақтөбелік қария Ресейде тұратын 3 қарындасы мен 2 інісін тапты

65 жылдан кейінгі табысу. 72 жастағы Ақтөбелік қария Ресейде тұратын 3 қарындасы мен 2 інісін тапты. Жетімдер үйінде өскен Александр Сухотёрин туыстары бар екенін білмеген. Жақындары телеарна арқылы оған іздеу жариялапты. Бүгінде ұрпақ өрбітіп отырған қарияның отбасындағы керемет қуанышпен тілшіміз Мансур Есқожин бөлісіп қайтты. 


Жақындарының айтуынша, кішкентай Александрдан анасы 1948 жылы көз жазып қалған. Уақыт өте келе, әкесімен еріп Алматыға кеткен бүлдіршін жайлы «дертті болып, көз жұмды» деген хат алады. Қария Алматының Көк базарына әкесінің тастап кеткенін ғана біледі. Бірақ сол сәтте неше жаста болғанын әлі күнге есіне түсіре алмайды.


Александр Сухотёрин:


Әкем мені сауда сөресінің қасында қалдырды. Осы жерде күте тұр деп кетіп қалды. Кеш батқанша күттім. Мені іздеп келген адам болмады.


Күні бойы әкесінің жолын күтіп шаршаған баланы тәртіп сақшылары жетімдер үйіне тапсырған. Кейінірек Ақтөбеге ауысып келіпті. Бірақ нақты қай жылдары келгенін айта алмады. Бірде немересі ғаламторды шарлап отырып ресейлік телеарнадан атасына іздеу салып жатқанын естіген. Мұны білгенде төбесінен жай түскендей әсер алғанын жасырмайды.


Александр Сухотёрин:


Қарындасым іздеу жариялапты. Ол осыдан 3 жыл бұрын дүниеден озған менің туған қызыма ұқсайды. Мен оны алғаш көргенде қызымды көргендей болдым. Оның менің қарындасым екеніне еш күмәнім жоқ.


Ресейдің Томск облысында тұратын қарындасымен бүгінде жаңа технологияның көмегімен хат-хабар алмасып тұрады. Бізді де көрші елдегі ағайындарымен тілдестірді.


Марина Шеголькова, А. Сухотёриннің қарындасы:


Әкесі бізге оны өлді деп хабар берген соң, біраз уақыт іздеуді тоқтатқан едік. Бірақ біршама уақыт өткен соң әжеміз Александрды қайтадан іздеуге кірісіпті. Бүгінге дейін жүрген жерімізде ағамызды сұрап отыратынбыз. Табылғанына өте қуаныштымыз. Сезімімді сөзбен айтып жеткізу қиын.


Жарты ғасырдан артық уақыт бойы адасып, енді табысқан жандар екі ел арасына жиі жол саламыз деп уәде етті. Қария алдағы шілде айында қонақ күтуге осы бастан қамданып жатыр.


Мансұр ЕСҚОЖИН