$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Италия билігі шенеуніктердің қымбат көліктерін сатуды ұйғарды

AstanaTV
31.03.2014ж. 10:00
1331
Италия билігі шенеуніктердің қымбат көліктерін сатуды ұйғарды

Италия Үкіметі шенеуніктер мінген, «люкс» класындағы темір тұлпарларды сатылымға қойды. Жаңа премьер-министр Маттео Ренцидің бұл идеясы қалайда мемлекеттің шығынын азайтуы тиіс.

Көлік сату онлайн-аукцион арқылы іске асуда. 151 қымбат темір тұлпардан тұратын тізімге BMW, Alfa Romeo және Lancia көліктері енген. Сондай-ақ, қорғаныс министрлігіне тиесілі тоғыз бірдей қымбат көліктер де бар. Ішкі істер министрлігінің қарамағындағы BMW көлігі алғашқы сағатта- ақ 18 мың долларға сатылып кетті.

Премьер-министрдің айтуынша, бұл шара тек мемлекеттік қарызды азайтып қана қоймай, осы көліктердің күтіміне кететін қаржыны да үнемдейді. Елде жаппай дағдарыс болып жатқанда, бағалы темір тұлпарлар биліктің ысырапшылдығын білдіреді, дейді премьер.

Жергілікті тұрғындар Үкіметтің бұл шешіміне дән риза, ал бақуатты италиялықтар лезде көлікті сатып алуға кірісті. Олар, тіпті, бұл көліктердің жорығы 125 мың миль болса да, сатып алудан бас тартар емес. Мәселен, Alfa 166 көлігін 90 адам, BMW 525-ті 75 тұрғын сатып алғысы келеді екен. Айта кетейік, бұл аукцион 16 сәуірге дейін жалғасады.

Сымбат МОЛДАТАЙ