$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Калачи елді мекенінің тұрғындары өзге аймаққа көшірілмейді

AstanaTV
31.03.2014ж. 20:00
1266
Калачи елді мекенінің тұрғындары өзге аймаққа көшірілмейді

Калачи елді мекенінің тұрғындары өзге аймаққа көшірілмейді. Керісінше, ол жерге екі пәтерлі алты жаңа үй салынбақ. Екі баспана құрылысына тендер жарияланыпты. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхамбетов мәлімдеді.

Алайда ұйқы ауруының себебі әлі анықталған жоқ. Дерттің дауасын табу үшін Курчатов институтының ғалымдары да келген. Олар қаңырап тұрған уран шахталары мен кен орындарын зерттейді.

Сондай-ақ, уран өндірісі бойынша Степногорск қаласында сақталған мұрағаттарды ақтарып, Красногорск кен орындары жайлы деректерді зерделемек. "Ал Красногорск пен Калачи ауылындағы мектеп оқушылары осы аптадан бастап дәруменге бай азық-түлікпен тегін тамақтандырылады", - деп облыс әкімі баспасөз қызметі хабарлады. 


Қосман Айтмұхаметов, Ақмола облысының әкімі:


Комиссия келіп, әр екі күн сайын жер, су, ауаны тексереді. Зерттеу қорытындысы бойынша біз Үкімет кеңесінде нақты шешім қабылдаймыз. 

Топырақ пен ауа, су құрамын тексерген мамандар зерттеу аймағын солтүстікке қарай кеңейтпек. Радон қалдықтарының буы сол жақтан келуі мүмкін деген болжам бар. Эпидемиологтар жергілікті тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық ерекшеліктерін де ескергісі келіп отыр. 


Нысанғали Қожахметов, республикалық санитарлық-эпидемиологиялық орталығы маманы:


Радиациядан аздаған әсер болады. Ол тек қана болмашы түрде. Ол авитаминоз, сол жерде социалдық жағдайға байланысты. Адамның өзінің өмір сүруі. Қазір комиссия шешімін шығарғаннан кейін айтуға болады.


Ақмола облысының Калачи елді мекенінің тұрғындары жұмбақ аурумен өткен жылдан бастап ауыра бастады. Бүгінгі күні түп-төркіні түсініксіз дертке шалдыққандардың саны 37-ге жетті. Сол кезден бері ауылды тексермегендер кемде-кем. Денсаулық сақтау министрлігі мамандары бас болып, ондаған өзге де зерттеушілер зерттеп-ақ жатыр. Алайда әлі нәтиже жоқ. Алдын-ала қойылған энцефалопатия диагнозының себептері белгісіз. Десе де дәрігерлер қандай да бір жұқпалы, вирусты аурулардың барын жоққа шығарып отыр. 


Айгүл ӘДЕПБАЙ