$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қарағанды облысында қайғылы төтенше жағдай зардаптары есептеліп жатыр

AstanaTV
31.03.2014ж. 20:00
2184
Қарағанды облысында қайғылы төтенше жағдай зардаптары есептеліп жатыр

Қарағанды облысында қайғылы төтенше жағдай зардаптары есептеліп жатыр. Бүгін түнде қала маңында су қоймасының плотинасы жарылып, Көкпекті ауылы су астында қалды. Қарқынмен аққан арынды су бес адамның өмірін жалмады. Үш жүз үйді шайып кетті. Апат орынында құтқару қызметі жұмыс істеуде. Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко да шұғыл Қарағанды облысына жетті.


Осылайша "топан су" бір түннің ішінде шырт ұйғыда жатқан Көкпекті аулын күл-талқан етті. Тас қараңғыда қатты састы ма, қашып үлгермеді ме? Бес адамды ажал құшты. Оның ішінде жас бала, соғыс ардагері, тепсе темір үзетін жігіттер де кетті. Тағы жетеуі ауыр жараланған. Үш жүз басана су астында қалды. Арам қатқан мал қаншама...


Әсіресе "Жағалау" көшесінің тұрғындары зардап шеккен. Қарқыны күшті мұз сілемдері жолындағының бәрін жапырып кеткен. Ағаштар болмағанда, зардабы бұдан бетер болуы ықтимал дейді тұрғындар.


Юрий Григоренко, Көкпекті ауылының тұрғыны:


Нас очень поздно предупредили. Не успели собраться. Есть у нас собственники водохранилища, они там рыбу разводят, вот они как раз должны следить за плотиной и выпускать воду. Мы много раз жаловались, но нас не услышали.


Облыста бірнеше күннен бері күн ысып, қар қатты еріп жатқан. Десе де мұндай қайғылы жайттың болатыны ешімнің қаперіне кірмеген. Ауылға жеткен Төтенше жағдайлар жөніндегі министр Владимир Божко алдымен апат салдарын жоямыз дейді. Ал су қойма қожайындары - "Шаңырақ" пен "Сантехпром" компанияларын тексеру басталды. Адам өліміне соқтырған салғырттық, яғни 316-бап бойынша қылмыстық іс қозғалды.


Баспансыз қалғандарды облыс басшылығы сексен отбасына шақтаулы жергілікті жатақханаға жайғастырмақ. Олар ыстық ас пен таза сумен қамтылған. Ауыл әзірге жарықтан ажыратылған. Мектепте арнайы құтқару штабы жасақталған.150 адам мен 19 техника жұмыс істеуде. Үздіксіз сору жұмыстарынан соң, судың беті қайта бастады. Ауылға он бірдей жедел жәрдем бригадасы тартылған. Мұздай судан үсіп қалғандарға әлі көмек көрсетіліп жатыр. Ал шығын көлемін есептеу ұшін арнайы комиссия құрылды.


Көкпектіден бөлек тасқын су жақын жердегі Сұрыптау ауылындағы 20 шақты үйді де шайып кетті. Құйындата аққан қара су қырда еріген қармен қосылып Ақмола облысы аумағына бағыт алған. Құтқарушылар апат қайталанбас үшін, жағдайды кірпік қақпай бақылап отырғандарын айтуда.


Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ