Қаңтар
айында ғана 12 жылға түрмеге қамалған Батыс Қазақстан облысы экс-шенеунігінің үстінен жаңа айыптаулар тағылды. Мүсілім
Оңдағанов 2002-2013 жылдар аралығында Облыстық спорт, туризм және дене шынықтыру басқармасының бастығы қызметін атқарған
болатын. Ол осыған дейін де қазына қаржысын шығындап, қолдан құжат жасап,
ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны үшін айыпталып сотталған.
Бірақ қаржы
полициясы Мүсілім Оңдағановтың тағы да 8 қылмыстық іске қатысы барын
әшкереледі. Арасында спортшыларды жаттықтыруға бөлінген 11 миллион 667 мың
теңгені қолдан құжат жасап, қалтаға басқан деген айып тағылып отыр. Сонымен
қатар, Оңдағановтың сыбайласы - Меңдіхан Жакеновке де жаңа айып тағылды. Ол
қазына қаржысын талан-таражға салу күдігіне ілінді.
Гүлмира
Кенжеғалиева, БҚО сотының баспасөз хатшысы:
Осыған
орай тергеу органдары 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы
көзделген ауыр қылмыстар жасағаны үшін айыпталған Оңдағанов пен Жакеновке
қатысты тұтқынға алу түріндегі бұлтартпау шарасын алуға рұқсат сұрап отыр. Орал
қалалық сотының қаулысымен Оңдағанов пен Жакеновке қатысты екі айға дейінгі
мерзімде қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын алуға санкция берілді.
Еркін ҚАРИН