Көкпектідегі су тасқынына қатысты кінәлілердің жаңа легі анықталды. Бүгін
қираған ауылды аралаған Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев қасіретке
себепкер деп жергілікті су қойманы пайдаланушы компания иелерінің аты-жөндерін
атады.
Қазір су шайып кеткен бөгет зертеліп, айғақ заттар жиналуда.
Аймақ басшысының сөзінше, үйіндіге айналған бөгет тергеу амалдары аяқталғаннан
кейін ғана қайта қалпына келтіріледі. Ал еріктілер мен құтқарушылар және
әскерилер Көкпекті ауылын реттеп, қалдықтан тазалап жатыр.
Тасқынның зардабымен
танысқан облыс әкімі азаматтарға жеке мұқтаждықтарына қарай көмек беріп,
мүмкіндігінше, электр желісін жүргізуді ұсынды. Күні бүгін отызға тарта отбасы
баспанасынан айрылған, бірақ олардың қатары әлі көбеюі мүмкін. Арнайы құрылған
комиссия келген шығынды есептемек. Бүгінде бұл сома шамамен бір миллиард
теңгеге жуықтап отыр. Дүние-мүлік пен суға ағып кеткен төрт түліктің өтемін
аудан мен облыс бюджетінен төлеу қарастырылса, жаңа үйлерді салуға қажетті
қаражатты бөлуге ел Үкіметінің көмегі қажет. Әзірге үйсіз қалғандардың бір
бөлігі уақытша жатақханаға орналастырылды.
Бауыржан Әбдішев, Қарағанды облысының әкімі:
"Шаңырақ» агрофирмасы ЖШС - осы бөгеттің иесі екен. Ал
су қойманы «Табиғат 21»фирмасы пайдаланып келген. Қазір комиссия кімнен қате
кеткенін анықтап жатыр. Сынамалар алынып, тексерілгеннен кейін ғана шешім
шығарылады.
Бүгін тосын апаттан опат болған бес тұрғынның денесі жер қойнына
тапсырылды. Олардың үшеуін жергілікті қорымға жерлесе, соғыс ардагері мен оның
қызының денесін туыстары Қарқаралы ауданына алып кетті. Марқұм болғандармен
қоштасуға көкпектіліктер түгелдей жиылды. Ауылдықтар бұл апаттың алдын алуға
болатынын айтып күйінеді.
Андрей Ромащенко:
Мұнша көлемдегі мол судың тау басынан ағып келгеніне сенбеймін.
Қайдағы тауды айтады? Суды ешкім жіберген жоқ. Сондықтан кінәлілерді тауып,
тез жазасын беру керек.
Жұрағат БАМАН