$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Павлодарда су перісін әлдекімдер өзенге лақтырған

AstanaTV
03.04.2014ж. 13:00
1185
Павлодарда су перісін әлдекімдер өзенге лақтырған

Павлодарда белгісіз біреулер су перісінің мүсінін суға лақтырып жіберді. Қазір бұл әрекетке барғандар іздестіріліп жатыр. Қолға түссе, тиісті жауапкершілікке тартылатын болады.

Ертіс жағалауының сәніне айналған ескерткіштің жоқ екенін байқаған тұрғындар әкімдікке хабарлаған. Іздеу барысы еш нәтиже бермеді. Алайда, бүгін фибробетоннан соғылған мүсін жағалауға өзі қалқып шыққан.

Ескерткішті мамандар қайта қалпына келтіру үшін қалалық коммуналдық шаруашылық мекемесіне жөнелтті. Су перісінің бейнесі Керекуде өткен жылдың жазында орнатылған. Қойылғанына ай толмай жатып, вандалдардың құрбанына айналғаны тағы бар. Едәуір зақымдалған композиция былтыр қазанда толықтай жаңартылып, қайта орнатылды.

Азамат Бәйтенов, Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

Ешқандай бұзылған жері жоқ. Тек қана сыры кеткен жерлері бар. Соны тез уақытта қалпына келтіріп, сол орнына қоямыз осы бір-екі-үш күнде.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ