Қаржы полициясы еліміздің Білім және ғылым министрлігінің лауазымды
тұлғаларына қатысты тағы жаңа екі қылмыстық іс қозғады. Ақпар бойынша,
күдіктілер 17 миллион теңге бюджет қаржысын талан-таражға салған. "Қаражат
2012 жылы Қарағанды мен Қызылорда қалаларында балалар мен жасөспірімдер
қозғалысын дамыту шараларын өткізуге бөлінген болатын", - дейді қаржы
полициясының ресми өкілі.
Мұрат Жұманбай, Қазақстан Республикасының
ЭҚСЖҚК агенттігінің ресми өкілі:
Осылайша бүгінгі күні аталған қылмыстармен Қазақстан Республикасының Білім
және ғылым министрлігіне келтірілген залал сомасы 76 миллион теңгені құрап
отыр. Қылмыстық істер тергелуде, нәтижелері жұртшылыққа жеткізілетін болады.
Еске салайық, бұдан бұрын қаржы полициясы Білім министрлігіне қарасты
бірқатар мекемеден шикілік анықтаған. Былтыр 59 миллион теңгенің ұрлану факті
бойынша қылмыстық іс тергелген-ді. Аталған сома да Шығыс Қазақстан, Алматы
облыстарында, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Талдықорған және Шымкент қалаларында
балалар мен жасөспірімдер қозғалысын дамытуға арналған болатын.
Жұрағат БАМАН