$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қызылордада "Зейнеткер» саяжайы тұрғындарының жарықсыз отырғанына бүгін сегізінші тәулік

AstanaTV
03.04.2014ж. 20:00
2089
Қызылордада "Зейнеткер» саяжайы тұрғындарының жарықсыз отырғанына бүгін сегізінші тәулік

Қызылордада 170 жер үй жарық көзін есептейтін жекелеген құрылғыға қол жеткізе алмай жүр. "Зейнеткер» саяжайы тұрғындарының жарыққа қарыз көршілер кесірінен тас қараңғыда отырғанына бүгін сегізінші тәулік. 50 шаңырақтың берешегі үшін аудан тұтастай жарықтан ажыратылған.

Әріптесім Шарипа Сақтапованың анықтағанындай, саяжай тұрғындары электр энергиясына ғана емес, жалпыға ортақ жалғыз трансформатор үшін де қаражат төлейді. Осыған мәселеге орай тілшіміз тұрғын үй коммуналды шаруашылығынан мән-жайды білуге тырысты.

Электр қуаты үшін қарызданып қалған 50 отбасы, ал оның зардабын 170 үй шегіп отыр. «Зейнеткер» саяжай алабының тұрғындары жиі жарықсыз қалатындарын айтады. Барлық отбасы бір ғана есептегіш құрылғы бойынша төлейді екен. Олардың бір трансформатордан тоқ алып күнелтіп келе жатқанына 15 жыл болыпты.

Надия Күлназарова, «Зейнеткер» саяжайының тұрғыны:

Мен, мысалы, айма-ай төлеп тұрамын. Біреулер төлемей, қарызданып қалғанына мен кінәлі емеспен ғой! Оларды ажыратсын, бірақ маған берсін жарықты. Мен таңғы алтыда тұрып, жолдасыма ас әзірлеуім керек.

Серік Ыдырысов, «Зейнеткер» саяжайының тұрғыны:

Тіректерін өзіміз салып жатырмыз, жарықтың фазаларын да салып жатырмыз. Осы халық көрмеген нәрсені көріп отыр, барлығы қалталарынан шығарып, ақша жинап өздері істеп жатыр. 

Саяжай төрағасы уақытында жарық төлемдерін жинап алып, «Энергосервис» компаниясының кассасына барып өткізеді. Тұрғындар киловатына 18 теңгеден төлесе, қала тұрғындары шамамен 15 теңгеден шығарады. Бұл жағы да тұтынушылардың ызасын тудырады.

Энергетиктердің өзі бұл сауалға нақты жауап бере алмады. Десе де жаппай электр қуатынан өшіріп тастауға мәжбүр болғандықтарын мойындады.

Марат Мойытпасов, «Энергосервис» ЕЖШС директорының орынбасары:

Бір миллионнан астам қарыздары бар. Қыс мезгілі қатты суық болған соң, олар сөнген жоқ. Күн жылығалы бері амал жоқ, қарызы өсіп бара жатқан соң, сөндіріп тастадық.

Сондай-ақ саяжай алабын жарықпен қамтамасыз етіп отырған жалғыз трансформаторлық қосалқы тораптың да мәселесі шешілмеген. Осыдан 3 жыл бұрын оның заңды қожайыны болып қалалық тұрғын үй коммуналды шаруашылық бөлімі бекітіліпті. Дегенмен, мекеме құрылғыны өз балансына алуға асығар емес. Саяжай тұрғындары электр қуатын тарататын тораптың күтіміне жылына 700 мыңдай теңге жинап беруге мәжбүр.

Қази Қожағұлов, «Зейнеткер» саяжайының төрағасы:

Негізі трансформатор соттың шешімімен қалаға өткен. Қаладан коммуналдық шаруашылыққа берілген. Соттың үкімі шыққанына үш жыл уақыт өтті. Бірнеше мәрте коммуналдық шаруашылық бастығына 17 рет обращение жасадым, әкімдікке 7 рет арыз жазып бардым, бірақ әлі күнге шейін балансқа алмайды.

Еркін Алпысбаев, Қызылорда қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы:

Соттың шешімімен, қалалық қаржы бөлімінің бұйрығымен қалалық тұрғын үй шаруашылық балансына берілген. Қазіргі уақытта ол трансформаторды жер актісі рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы рәсімдеуден кейін Қызылорда облыстық энергетика басқармасы арқылы КРЭК акционерлік қоғамы балансына өткізу жұмыстары өткізіледі.

Осы шаралар жасалған соң ғана, саяжайдағы 170 үйдің әрқайсысына бөлек, жеке есептегіш құралдар орнатылмақ. Сонда ғана уақытында төлемін жасап жүрген тұрғындар жауапсыз көршінің залалын тартпайды.

Шарипа САҚТАПОВА