$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Ақтөбе облысындағы Құрашасай ауылының мектебі лай судың құрсауында

AstanaTV
04.04.2014ж. 10:00
2325
Ақтөбе облысындағы Құрашасай ауылының мектебі лай судың құрсауында

Ақтөбенің іргесіндегі Құрашасай орта мектебі оқушылары кезектен тыс демалыс алған. Себебі ауыл ішінде жол жоқ. Көктемгі су мен балшық мектеп ғимараты мен тұрғын үйлердің арасын үзіп тастады. Осыған орай сәуірдің 2-і мен 5-і аралығында мектеп басшылығы сабақтарды тоқтату туралы шешім қабылдапты.

Ауыл арасында тіпті көлік жүрер жол жоқ. Аққан сел баспаналарды шайып кетпегенімен, қатынас қиындап отыр.

Айта өту керек, білім ордасының 150 орындық жаңа ғимараты өткен жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген. Алайда құрылысшылар мектепке барар жолды ескермеген сыңайлы. Білім саласының шенеуніктері бұл үзіліс оқушылардың үлгеріміне кедергі келтірмейді, дейді.

Абыл Насухин, Ақтөбе қалалық ғылыми-әдістемелік орталығы директорының орынбасары:

Бағдарламаны игеруге және бағдарламаның орындалуына стандарт бойынша, бағдарламалық пәндер бойынша ешқандай кедергі келтірмейді. Қосымша сабақтар ұйымдастырамыз және оқушылардың сабақтан бос уақытында тақырыптарды, бағдарламаны игеруге мүмкіндіктер жасаймыз.

Мансұр ЕСҚОЖИН