$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Өскемен қаласындағы көпірде көлік кептелістен көз ашпай келеді

AstanaTV
03.04.2014ж. 20:00
1437
Өскемен қаласындағы көпірде көлік кептелістен көз ашпай келеді

Үлбі өзені үстінен салынған жаңа көпір Өскемен қаласындағы Астана көшесі тұрғындарының «бас ауруына» айналды. Жарты жылдан бері ешбір бағдаршам қойылмаған көпірде көлік кептелісінен көз ашпай келеді. Ал көлік жүргізушілер болса, тұрғын үй аулаларымен ағыла бастаған. Мұндай бассыздықтан мезі болған тұрғындар жиылып бүгін аула жолын жауып тастады. Қанат Оралбек тарқатады.

Ешбір жол белгілері қойылмаған мына көпірден өткен көліктер жол қысқарту үшін үйлердің арасымен өтуді әдетке айналдырған. Тұрғындар болса арлы-берлі ағылған темір тұлпарлар ауладағы бала-шағамыздың өміріне қауіп төндіреді деп алаңдаулы.

Тамара Биляева:

Не проедешь. Сдавай назад. Мы уже 50 машин развернули.

2013 жылдың күзінде бұл көпір пайдалануға берілгелі Астана көшесінің бойындағы тұрғындардан маза қашты. Шамамен 100 метр болатын көпір бойында бағдаршам да, жол белгілері де жоқ. Сондықтан мұнда көлік кептелісі мен жол көлік оқиғалары жиі болады. Кептелісте тұрғысы келмеген жүргізушілер болса, тұрғын үй аулаларымен жүруді әдетке айналдырған.

Көк мұзда үйімнен шыққаным сол еді, аула ішінде ағылған көліктер мені қағып кете жаздады. Аяғым тайып бірінің астына құладым. Бағана кішкентай қыз көлік астында қала жаздады. Абырой болғанда, құтқарып үлгердік.

Анастасия Скляр:

Осыдан 2-3 жыл бұрын мен тұрған үйдің ауласында дәл осындай жағдай болған. Ол кезде де жергілікті билік, не тәртіп сақшылары ешбір жол белгісін қоймай, әйел адамды көлік басып, мерт қылған. Енді біздің аулада да сол жағдай қайталануы керек пе? Неге оқыс оқиғаның алдын алмайды ешкім? 

Тұрғындар болса аулаға бөтен көліктер кірмес үшін жергілікті билік, не тәртіп сақшылары қандай да бір шара қолданса деп отыр. Шағым айтып талай табалдырықты тоздырғандарын айтады. Алайда нәтиже жоқ. Құқық қорғау қызметкерлері болса тұрғындарға өз беттерінше жол үстіне бөгет қоюға кеңес беруде.

Сергей Коваленко, ШҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының басшысы:

Тұрғындар жергілікті өзін өзі басқару комитетімен бірлесіп, аулаға кіре беріс жолға жасанды бөгет қойсын. Сонда көліктер жүрмейді. Ал көпірге келетін болсақ, оған бағдаршам қою жоспарда бар.

Жоспарда бар болғанымен, оның қашан орнатыларын дөп басып ешкім айта алмайды. Тұрғындар жоспардың қағаз жүзінде қалмай, іске асатын, көлік қозғалысының реттелетін күнін асыға күтіп жүр.

Қанат ОРАЛБЕК