$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Керекулік ұлттық мәдени орталықтар ескі дәстүрлерін жаңғыртуда

AstanaTV
03.04.2014ж. 20:00
1813
Керекулік ұлттық мәдени орталықтар ескі дәстүрлерін жаңғыртуда

Керекулік ұлттық мәдени орталықтар ескі дәстүрлерін жаңғыртуда. Мәселен, еврей ұлттық мәдени орталығының жастары «Шаббат» жоралғысын үйреніп жүр. Ал гректер «Сиртаки» биінің ерекшелігіне үңілуде. Кейінгі буынның ұлттық құндылықтарға ден қоюын ақсақалдар жақсылыққа балап отыр. «Сыйластық өзіңнен басталады. Демек, игі бастама көп этносты мемлекетіміздің тұғырын нығайтуға сеп болары анық»,- дейді аға буын.

Айта кету керек, сәуірдің 18-інде Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының дәстүрлі сессиясына Павлодар облысынан 30-ға жуық делегат қатыспақ.

Талай қудалауға ұшыраған ұлттың бірі - еврей. Бүгінде бұл этностың өкілдері төрткүл дүниеге тарыдай шашырап кеткені белгілі. Сондықтан өзара бірлесудің белгісі ретінде - павлодарлық еврейлер «шаббатты» тойлауды дәстүрге айналдырмақшы. Яғни сенбінің кешінде әр отбасы дастархан басына жиналады. Белгілі бір уақытта шам жағылып, дұға оқылады. Ұлттық әндері шырқалады. Сөйтіп, кеш шағын мерекеге ұласады.

Валерия Голубничая, «Мерказ» еврей ұлттық мәдени орталығының мүшесі:

Бір уақытта шамдар жанған кезде, әлемнің әр жеріндегі еврей өзара жақындасады деген ұғым бар. Яғни осы сәтте бұл ұлттың өкілдері бір бүтін күшке айналады. Сөйтіп, арада қаншама қашықтық болса да, біз бірге екенімізді көрсетеміз.

Қазақ жерінде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдеріне бүгінде төл тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін жаңғыртуға жол ашық. Мемлекеттік тұрғыдан қолдау да бар. Соның айқын айғағы - Қазақстан халқы Ассамблеясы. Қазірде бірегей шаңырақтың аясына өмір көрген ересектер ғана емес, жастар да жұмылуда.

Керекулік Ассамблеяның кейінгі буыны белсенді. 23 этно-мәдени орталықтың 15-інде жастар қанаты бар. Оған жеті жүзге жуық қыз-жігіт мүше. Олар да қоғамдық өмірге белсене араласады.

Элина Паули, Павлодар облыстық ҚХА жастар бірлестігі кеңесінің төрағасы:

Жастар арасында татулық, достық, бірлік деген сөздер ерекше орын алады. Сондықтан біздің жастарымыз араласып, басқа халықтардың мәдениетін көріп, қонаққа барып, осылай тату-тәтті тұрады.

Өткен ғасырдың 40-шы жылдары павлодарлық шешен-ингуштердің жадында өшпестей болып сақталған. 44-тің ақпанында алаңсыз қауым Солтүстік Кавказды тастап, көшуге мәжбүр болыпты. Департацияны өзі көрмесе де, әкесінен талай естіген Зияуди Садуллаев сол шақтағы қауымның қиналысын бір кісідей түсінеді.

«Табиғаты жат, тілі бөлек, тіпті болмысы да алшақ Қазақстанға сіңісіп кетеміз»,- деп ешкім ойламағанын айтады. Бірақ қазақтың бауырмалдығы мен қонақжайлылығы көңілдегі күдікті сейілтті",- дейді ақсақал. Бүгінде қос халықтың өкілдері қыз берісіп, келін алысқан құда.

Зияуди Садуллаев, Павлодар облыстық шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің ақсақалдар кеңесінің мүшесі:

Біз Қазақстанда тұрғаннан кейін, Қазақстан елінің тарихын білу керек, мәдениетін білу керек, дәстүрін білу керек, тілін білу керек. Неге десеңіз, біз Қазақстан елінің азаматымыз.

Керекулік Ассамблеяның жұмысы мәдени іс-шарамен шектелмейді. Ақсақалдар кеңесінің айтуынша, белсенді жастарды еңбекпен қамту, кәсіп ашу ісінде қолдау жасау дәстүрге айналған.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ