$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Қазақстандағы ең ірі жұмыс беруші компаниялар анықталды

AstanaTV
03.04.2014ж. 20:00
2782
Қазақстандағы ең ірі жұмыс беруші компаниялар анықталды

Бүгін Қазақстандағы ең ірі жұмыс беруші компаниялар анықталды. Төртінші рет өткізіліп отырған «Сенім» республикалық байқауына Қазақстанның алпауыт 100 компаниясы қатысты. Үздікті анықтау үшін сарапшымен қатар, 27 мыңға жуық қызметкер дауыс берген. Былтыр бәйгенің басты талабы айлық көлемінің көптігі болса, биылғы шарт - тұрақтылық. Яғни жылдар бойы жұмыс істеген қызметкерлері көп компания - жеңімпаз.

8 номинациядан тұратын бәйгеде «Қазатомпром» Ұлттық компаниясының екі бірдей еншілес ұйымы жүлделі орын алды. «Ең озат ұлтаралық жұмыс беруші компания» номинациясы бойынша Билайн сауда маркасы - Кар Тел серіктестігі оза шапты. Ал Ұлттық компаниялар арасында электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы - Кегок бірінші орынды еншіледі. Оның 4600-ден астам қызметкері бар.

Жаңабай Бексары, «KEGOC» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары:

Бұл, бір жағынан, үлкен жауапкершілік. Екінші жағынан, біздің жалпы компания қызметкерлерінің өз компаниясына берген үлкен баға. Сондықтан компания осы бағыттағы әлеуметтік қарым- қатынастарды нақтылап, осы бағытта жалғастыра береміз.

"Сенім" байқауына биыл «Әлеуметтік әріптестіктер қатарынан үздік жобаны анықтау" деген жаңа номинация қосылды. Маңғыстау облысы, Жетібай кентінің спорт мектебі ұсынған жоба жеңіске жетті. "Үздік өндірістік жұмыс берушілер арасынан" "Жол жөндеуші компания" серіктестігі, ал халыққа қызмет көрсету бойынша "Сбербанк Россия" мен Инновациялық Еуразиялық университет бірінші орынды алды. Бәйгеде жоғарғы оқу орындары да бақ сынады. 

Еркін Ақтаев, Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінің проректоры:

Біздің бүгінгі алып отырған номинациямыз күтпеген жағдай болды. Өйткені біз бұған дейін де қатысқанбыз, үш рет. Осы оқытушы-профессор құрамын тұрақтандырып отырған бірден-бір жері: біздің университет жанында өзіміздің профилактикалық санаторийіміз бар. Онда олардың тегін ем алуға мүмкіндіктері бар. 

Сымбат МОЛДАТАЙ