$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Мысыр билігі кезекті демалыс маусымына үміт артып отыр

AstanaTV
05.05.2016ж. 20:00
2037
Мысыр билігі кезекті демалыс маусымына үміт артып отыр

Мысыр шипажайлары бұрынғы қалпына келе ме? Осы сауал ел билігін толғандырып отыр. Синай аралында құлаған ұшақ оқиғасынан кейін, Мысыр жағажайларында демалғысы келетіндер саны күрт кеміді. Туризм дағдарысы сонау 2011 жылы болған мысырлықтардың бейбіт шеруінен кейінгі саяси төңкерістен бастау алды. Табысының негізгі көзін саяхатшылардан тауып отырған мемлекет, жағдайды қалпына келтіру үшін жаңа туризм министрін тағайындады. Бірақ, тыныштығымен қатар туристерінен де айрылған елдің реформалары нәтиже берер емес.

Мысыр алдағы демалыс маусымынан үлкен үміт күтіп отыр.Елде туризм ісіне жауапты министр ауысты, «Дамуды жеделдету жоспары» қабылданған. Онсыз да кібіртіктеп тұрған саланы өткен жылдың қазанында құлаған ресейлік ұшақтың оқиғасы тіпті ушықтырып жіберген. Террактіден кейін Мысырдан тыныштық кетіп, негізгі демалушылары саналған ресейліктермен қатар, өзгелер де  жағажайлардағы демалыстан бас тартты.

Яхъя Рашед, Мысырдың туризм министрі:

Тың жоспарларымыз саланың дамуына үлкен серпіліс береді деген болжам бар. Әрине алты айға жетпей, жақсы нәтиже болғанын қалар едім. «6 да 6» жоспары саланың негізгі бағыттарына басымдық беруді көздейді. Олар Мысырдың әлемнің үздік туристік елдер қатарында болуына мүмкіндік береді.

2017 жылға дейін Мысыр жағажайларына 12 миллионға дейін турист тартылмақ. Алайда бұл тек жоспар ғана. Гиза қаласындағы әйгілі перғауындардың тәбәрігін көрем деушілер аз. Қалың жұрт  тып-тыныш жатқан елдің берекесін қашырған азаматтық толқулар сынды тәртіпсіздіктерден қауіптенеді. Бұл - туристік елдің қаржылық жағдайын тым төмендетіп жіберді. Мәселен, революцияға дейін қоры 36 миллиард шартты бірлік болған мемлекеттің күйі 13 миллиард АҚШ ақшасына дейін құлдырады. Ұлттық валютасы 10 пайызға арзандап, инфляция деңгейі 12 пайызға жетті.Бюджет тапшылығы ішкі өнімнің 12 пайызын құрады. Кәсіпорындар жабылып, жұмыссыздық дендеген. Жақсы өмірді көксеп бір кездері алаңға шыққан халық әлі де ескі әдет бойынша Тахрир алаңына келеді. Олар ендігі жерде қадірін білмеген өткен күндердегі арзан азық-түлікті алуға ұмтылады. 82 миллион халқы бар Мысыр тұрғындарының төрттен бірі кедейдің күнін кешіп отыр.

Ахмед Калед:

Бұл жерге келуімізге себеп көп. Құқықтарымыз тапталды. Оны талап еткендердің бірі алаңда өлсе, енді бірі түрмеге қамалды. Мемлекет кесектеп сатылып жатыр. Доллар шарықтап тұр, ертең не болары белгісіз. Халыққа тұрақтылық керек.

Ал тұрақтылық пен тыныштықты қайтару оңай шаруа емес. Арасына екі жыл салып, екі бірдей төңкеріс жасап қос президентті тақтан тайдырған елдің мықты мемлекет құруына әлі де көп уақыт қажет. Толқулар өңірдегі террорлық топтардың да жандануына сеп болды. Соңғылары ұтымды сәтті пайдаланып, күні бүгінге дейін Синай аралын  биліктің қолына берер емес.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ