$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Қарағанды облысындағы Көкпекті дамбасының апатты жағдайда тұрғаны жайлы акт 7 жыл бұрын жасалған

AstanaTV
03.04.2014ж. 20:00
1610
Қарағанды облысындағы Көкпекті дамбасының апатты жағдайда тұрғаны жайлы акт 7 жыл бұрын жасалған

Қарағанды облысындағы Көкпекті дамбасының апатты жағдайда тұрғаны жайлы акт 7 жыл бұрын жасалған. Мұндай деректі су қоймасын жалға алып отырған "Табиғат 21" компаниясының өкілдері мәлімдеді. Балық өсірумен айналысатын серіктестік заңгері Вадим Ручий 31 наурыздағы қайғылы оқиғаға компанияның қатысы жоқ деп азар да безер. Ол елді мекенді су шаюы мүмкін екенін тиісті органдарға хабарлап бірнеше рет дабыл көтердік дейді.

Айтуынша «Табиғат 21», өз міндетіне жатпаса да, бірнеше жыл бойында бөгеттің жайын қадағалаған. Суды дер кезінде босатып, шлюздерді көктем және күз мезгілінде ашық қалдырады. Әуеден түсірілген мына кадрларда тасқын оқиғасының барысы анық көрініп тұр. Жергілікті қорықшылар су деңгейінің көтеріліп жатқаны жайлы күндізгі сағат төрт шамасында жұртты құлақтандырған.

Ал түнгі бір жарымда ернеуінен асқан су апатты жағдайдағы бөгетті бұзған. Су бұруға арналған қосымша арналар да бұған тоқтау бола алмапты. Заңгердің айтуынша, арқырай аққан мұз аралас су Көкпекті қоймасынан бірнеше шақырым жерде орналасқан Кузнечк көлі жақтан да ағып келген. 

Вадим Ручий, «Табиғат 21» ЖШС заңгері:

Тиісті азаматтарға, аудан әкіміне хабарладық. Шлюздер ашық болатын. Бірақ судың қарқыны тым қатты еді. Сағат 18-30 шамасында су бөгеттерден аса бастады. Жағдайдың күрделі сипат алуына тағы екі бөгетті су шайып кетуі де әсер етті. Ол бөгеттер картада жоқ, иесіз саналады. Ол маңға көлікпен бару мүмкін емес, сондықтан әуеден түсірдік. Су деңгейі бір сағатта 1,5 метрге көтерілді.

Заңгердің айтуынша, су шайып кеткен Көкпекті плотинасы 2007 жылдан бері апатты жағдайдағы нысандар тізімінде. Оны жөндеуге қазынадан қаржы бөлу қарастырылған. Алайда осы тұста бөгетті "Шаңырақ" Агрофирмасы жалға алады. Сонымен мемлекет тарапынан қаржы бөлу мәселесі де тоқтайды. "Олармен байланысу әзірге мүмкін болмай тұр", - дейді «Табиғат 21» серіктестігінің заңгері.

Оның пікірінше плотинаға «Шаңырақ» фирмасы бақылау жасап отыруы тиіс болған. Бөгеттің апатты жағдайда тұрғаны жайлы тиісті акт 7 жыл бұрын жасалған. Комиссия қойманың іргесін бекітіп, су ағарларды жөндеу қажеттігін анықтапты. Алдын ала есеп бойынша, оған 500 миллион теңгедей қаржы қажет. 

Вадим Ручий, «Табиғат 21» ЖШС заңгері:

2007 жылдан бері дамбаның жағдайына қатысты құзырлы орындарға хат жолдаумен келеміз. Алайда ештеңе өзгермеді. Әкімдікке де хабарластық. "Шаңырақты" да іздедік. Дамбаны жаңғыртуға қол ұшын созғымыз келген.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА