Өскемендік
хоккейшінің әйелін өлтірді деп айыпталған адам өмір бойына бас бостандығынан
айырылды. Бүгін танымал хоккейші, өскемендік «Торпедо»
клубының ойыншысы Евгений Фадеевтің әйелі Мария Фадееваны өлтіргендерге сот
жаза кесті. Істің басты фигуранты Бейбіт Сіләмов өмір бойына бас бостандығынан
айырылса, оның серіктесі Самат Рафхатов 16 жылға сотталды. Сондай-ақ, олар
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі аппаратының қызметшісі Ольга Алейникованың
өліміне қатысы бар деп танылды. Сот бұл азаматтардан зардап шегушілердің
пайдасына 15 миллион теңге көлемінде өтемақы өндіру туралы да шешім қабылдады.
Раушан
Игішева, ШҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының
судьясы:
Сотталушы
Сілямовты өмірбойы бас бостандығынан айырып, жеке мүлкін тәркілеп, жазасын
қатаң түрдегі колонияда өтеу жазасы тағайындалсын. Самат Рафкатовты аса ауыр қылмыстарды жасағаны үшін
айыпты деп танып, 16 жылға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеп,
жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеу тағайындалсын.
Еске
салайық, Мария Фадееваның денесі өткен жылдың қазанында Өскемендегі пәтерінен
табылды. Араға 4 күн салып, қылмысқа қатысы бар Бейбіт Сілямов пен Самат
Рафкатов Семей қаласында ұсталды. Оларды тұтқындау барысында күдіктілерден
марқұм Мария Фадееваның жеке заттары табылған. Сот барысында екеуі де өздеріне
тағылған айыптармен келіспейтінін, қылмысты жасамағанын, тергеу барысында
жасалған қысымның кесірінен кінәні мойындағандарын алға тартты. Олардың
қорғаушылары сот үкіміне келіспейтіндіктен апелляциялық шағым түсіретінін
жеткізді. Ал марқұмның туыстары сот үкімімен келісетіндерін айтты. Марқұм Мария Фадееваның артында екі ұлы қалды.
Тамара
Свистунова, Мария Фадееваның туысы:
Сот
әділ шешім шығарды. Өмірдің құны қаншалықты қымбат екенін көрсетті. Адамның
өмірін аяусыз қиып тастады. Оның артында жылаған балалар қалды. Үлкені анасының
енді жоқ екенін сезгенімен, кішкентай ұлы әлі күнге дейін іздейді.
Берік ХАСЕНОВ