$479.05 €534.57 ₽5.17
×

БҚО-ның Ресеймен байланысы дамып келеді

AstanaTV
04.04.2014ж. 20:00
1094
БҚО-ның Ресеймен байланысы дамып келеді

Ресейдің бес бірдей облысымен шектесетін Батыс Қазақстан облысында көршілермен байланыс жыл санап, дамып келеді. Өткен жылдың өзінде екі жақты алыс-беріс 27 пайызға артса, мамандар бұл көрсеткіштің биыл да еселене түсерінен үмітті.

Бір ғана Батыс Қазақстан облысында сан саланы қамтитын қазақ-ресей бірлескен 250 кәсіпорын бар. Мысалы, шойын өндірісін жолға қойған «ҚазАрмаПром» компаниясы өндірген өнімінің, 95 пайызы Ресейге жөнелтіледі. Кедендік Одақтың арқасында көршілерге тауар жеткізу ісі едәуір жеңілдеген.

Виктор Смирнов, «Казармапром» ЖШС бас инженері:

Қазір шекарадағы кедендік тексерулер күрт азайды. Сондықтан, жіберген өнімдеріміз уақыт жоғалтпай, қысқа уақытта тиісті жеріне жетеді. Сонымен қатар, бізге қажетті шикізат пен өзге де қажетті тауар түрлері Кедендік одақ елдерінен еш кедергісіз әкелінуде. Сырттан жеткізілген бұл материалдар бірден өндіріске жіберіледі.

Екі жақты әріптестік тек өндіріспен шектелмейді. Ғылым-білім, денсаулық сақтау саласында да ілгерілеушіліктер бар. Бұл ең алдымен көз микрохирургиясы мен жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге байланысты. Ресейлік ғалымдар оралдық дәрігерлерге түрлі шеберлік сыныптарын өткізіп, жағдайы ауыр талай науқастың өмірін сақтап қалды.

Нұржамал Жұмағұлова, БҚО денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

Осы екі жыл, үш жыл ішінде 2 мыңға жуық кардиохирургиялық операциялар жүргізілген. Тағы да бір айта кететін жағдай, ол Орынбордың офтальмологиялық клиникалық орталықтарының көз мамандары дәрігерлерімен көз операцияларына, жоғары күрделі катарактаға көз операциясын жасау бізде ойдағыдай жүргізіліп жатыр.

Былтыр Қазақстанға Ресейдің бір ғана Саратов облысынан 11 млрд теңгенің өнімін жеткізіпті. Бұл тауарлар негізінен машина жасау, қорғаныс саласы, шыны мен химия өнеркәсібіне қажетті өнімдер. Дегенмен, қазақстандық импорт 675 млн теңгені құраған.

Сайранбек Ахметов, «ҚазИИТУ» ғылыми білім беру кешенінің ректоры:

Көршілес Тольятти қаласына немесе Самара, Саратов қаласындағы жетекші жоғары оқу орындарында жаңағы практика өтуге немесе дипломалды практика деген түсінік бар. Соған өтуге барып тұрады. Өздері де бізге конгресске келеді. Конференцияға, симпозиумға келеді және сол келгеннен кейін практикаға қалып, магистранттар арасында лекция оқиды.

Дегенмен, проблемалар да жетерлік, екі жаққа қатынайтын жол мәселесі әлі шешілмеген. Қазір көршілер арасындағы шекараның ұзындығы 550 шақырымға созылып жатыр. Биыл тиісті жобалық-сметалық құжаттары жасалып, Саратов облысына барар жол күрделі жөнделмек.

Бұл іске ресейліктер де ат салыспақ. Өйткені жолдың жағдайы жақсарса, екіжақты алыс-беріс те жеңілдей түспек. Ал жуырда оралдықтар ресейлік қандастарымызбен биылғы Наурыз тойын бірге атап өткен еді. Тарихы мен тағдыры тамырлас қос елдің шекаралық әріптестік жөніндегі бірлескен форумы жазда Орал қаласында өткізілмек.

Еркін КАРИН