$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Мәжілістегі Үкімет сағатында Мұнай және газ министрі есеп берді

AstanaTV
07.04.2014ж. 20:00
1625
Мәжілістегі Үкімет сағатында Мұнай және газ министрі есеп берді

Қызылордада сұйытылған газ шығаратын зауыт құрылысы басталуы мүмкін. Бұл жөнінде Мәжілістегі Үкімет сағатында өткен жылды қорытып, болашақты бағамдап есеп берген Мұнай және газ министрі баяндады. Депутаттардың әсіресе Қашаған кен орнына қатысты сұрағы көп. NCOC операторына 700 млн доллардан асатын айыппұл салынғаны айтылды. Бірақ шетелдіктер мұны көпсініп, өтеуге асықпай отыр. Ұзақбай Қарабалин көктемгі егіске жеңілдетілген бағадағы жанар-жағармай көлемі 360 мың тонна болатынын айтты. Әр литрінің құны 81,6 теңге болмақ. Министрдің есебін Айгүл Әдепбай да тыңдап қайтты.

Мұнай және газ министрін депутаттар сұрақтың астына алды. Ұзақбай Қарабалин бәріне мүдірмей жауап берді. Отырыстан белгілі болғаны, қазақтың жер қойнауындағы мұнайы алдағы 2-3 ұрпаққа жетеді. Және болашақта 100 млн тонна қара алтын өндіру межесі тұр.

Қашаған қашан іске қосылады? Жаңа кен орнының мұнайымен  мақтанатын күн алыс па? Депутаттарды да, журналистерді де қызықтырған салмақты сұрақтың бірі осы. Алайда оның жауабын бас мұнайшының  өзі де білмейді.

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Мұнай және газ министрі:

Негізгі себебін әлі толық бір тұжырымда айта алмай отыр. Әлі де зерттеулер жасалу керек. Бірнеше жерде теңіз астында ақау болуы мүмкін деген. Ол жерді ашып ультрадыбыс приборлар арқылы анықтау керек. Енді теңіз бетінде мұз болғандықтан, жұмыс жасалынбай жатыр.

Біз мұнайды әлемнің отыз еліне жөнелтеміз. Өткен жылы ең көп экспорт қабылдаған Италия. 27 пайыз. Одан соң Қытай - 17 пайыз. Нидерландының үлесі - 13,  Франция - 9, Австрия - 7  пайыз мұнайымызды сатып алған. Алайда батыстан Ресейге төнетін санкциялар біздің экспортқа кері әсер етуі мүмкін. Сан соғып қалмауды  ойлаған министрлік қара алтынды өзге жолдармен сыртқа сату амалдарын қарастырып жатыр.

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Мұнай және газ министрі:

Экспорт жағы шағындалатын болса, онда, әрине,  басқа мүмкіндіктерді қараймыз. Соның ішінде бұрынан келе жатқан теңіз арқылы Қара теңізге шығатын жағдайлар. Қытайға экспортты көбейту. Ол бұрыннан келе жатқан саясат.

Сұйық отынның Еуро 4 және еуро 5 стандарттары әлі де арман болып тұр. Сапалы жанар-жағармайға тек 2017 мен 2022 жылдары аралығында қол жетеді.  Өткен жылы 81 млн тоннадан астам мұнай өндірдік. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 3,3 пайызға артық. Ал ондағы Қазақстан өндірісінің үлесі - 36 пайыз.

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Мұнай және газ министрі:

Былтырдың қорытындысы бойынша мұнай өндірудің АҚШ бөлігі 25, Қытайдікі - 23 пайыз. Ресей - 6 пайыз. Былтыр келген инвестиция көлемі шамамен 10 млрд долларға теңеседі. Негізгі инвестор ретінде Америка мен Қытай және Еуропа елдері.

Газбен қамтуда да түйткіл көп. Жыл соңына дейін  арнайы тұжырымдама әзірленбек. Ал Астанаға "Қостанайдан Көкшетау арқылы құбыр тартып, көгілдір отынмен қарық қыламыз" деген жоба кідіріп тұр.  Құны 1 млрд доллардан асып кеткендіктен "тым қымбат" деп танылды.  Қызылордада сұйытылған газ шығаратын зауыт салу жоспары да орталық өңірдегі газ мәселесін шешуден туындаған сыңайлы.Ал төртінші мұнай өңдеу зауыты құрылысына қатысты тұшымды мәлімет жоқ. Құжат Президент қарауында. Өзге мұнай өңдеу зауыттарының жаңғыртылуы 2016 жылы аяқталады.

Ұзақбай Қарабалин, ҚР Мұнай және газ министрі:

Біз өзіміздің зауытқа өзіміздің мұнайды апаратын болдық. Атырау және Шымкенттегі зауыттарға құбырлар бар. Оған мұнай жеткізетін мүмкіндік бар. 16 жылдан кейін біздің зауыттарда қандай мұнай болсын қорыта аламыз. Ал оған дейін Павлодар зауытына Батыстан әкелген мұнайымыз оны әкелудің өзі бірталай қиыншылық бар. 

Бұл жерде басты проблема құбырда жатыр. Қазіргі құбырлар батыстың мұнайын Павлодарға кең көлемде жеткізе алмайды. Әрі кетсе, 3,5-4 млн тонна шикізат тасымалдай аламыз. "Сондықтан өндіріс көлемін төмендетіп алмас үшін, ең бастысы құбыр мәселесін шешіп алу керек", - деді Ұзақбай Қарабалин. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ