$486.44 €534.31 ₽5.06
×

Еліміздің басым бөлігінде ауа-райы күрт суытып кетті

AstanaTV
07.04.2014ж. 20:00
943
Еліміздің басым бөлігінде ауа-райы күрт суытып кетті

Сәуірде де тәуір болмайтын түрі бар. Бүгін еліміздің басым бөлігінде ауа-райы күрт суытып кетті. Орталық аймақтар, оның ішінде елордамыз Астана ақ ұлпаға оранды. Қара суық пен ұйытқыған жел әдетте көктем ерте келетін оңтүстікте де байқалды. Мұндағы тұрғындар тіпті биыл жеміске жарымай қаламыз ба деп те алаңдаулы. Бірқатар өңірлерінде толассыз жауынның соңы қарға ұласты. Азамат Алдоңғаровтың материалында толығырақ.

Шым қаланың шуақты күндері бір түнде қысқа айналды. Мұндағы ақ ұлпа қардың қалыңдығы 12 см-ге жетті. Ауа-райының суытуынан бүршік жарған жеміс ағаштары үсік шалудың алдында тұр. Ауласында бақшасы бар шымкенттіктер биыл өрік, алма, шиеден үміт үзгендей. "Күздің күні жемістің барлығын базардан алып, қалтадан тағы қағыламыз ба", - дейді Нұрғайша Өтешова.

Күннің күрт құбылуы жайында алдын ала ешқандай хабарламалар таратылмаған. Шаһардың төтенше жағдайлар департаменті оқиғаның артын ала, 8 сәуірдегі күннің қолайсыздығы жайында ғана ақпарат таратты.

Нұрлан Темірбаев, ОҚО ТЖД баспасөз қызметінің бас маманы:

"Қазгидрометтің" хабарлауы бойынша, 8 сәуір түнде облыстың көп бөлігінде күн суытады.

Қолайсыз ауа-райы астаналықтарды да біраз әбігерге салды. Елорда тұрғындарының ұялы телефондарына 6 сәуір күні желдің күшейетіні жайлы хабарлама түсе бастады. Ақмола облысында желдің екпіні минутына 28 метрге жететіні айтылған. Дауыл мен жауын-шашын соңы қарға ұласты. Ғаламтордың берген болжамы бойынша, алдағы күндері елордада ауа температурасы -10 градусқа дейін суытуы мүмкін.

Қазгидромет мамандары төмен температура сәуір айында сақталады деп мәлімдеді. Еске салайық, бұдан бұрын елімізде жылу беру сәуірдің 7-сі мен 20-сы аралығында тоқтатылады деп хабарлама таратылған. Бұл жоспар өзгерді ме, жоқ па - ол жайында әзірге ақпарат жоқ.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ, Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ 

Алдыңғы жаңалық