$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Қазақстан экспорттайтын алкогольді өнімдерді Ресей мен Беларусь еркін қабылдамайды

AstanaTV
08.04.2014ж. 20:00
1304
Қазақстан экспорттайтын алкогольді өнімдерді Ресей мен Беларусь еркін қабылдамайды

Кедендік одақ құрылғанымен, кедергі жойылған жоқ. Қазақстан Ресей мен Беларусь нарығына экспорттайтын алкогольді өнімдерді бұл елдер еркін қабылдамайды. Қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаев жаңа заңнамалық актіні талқылау барысында Мәжіліс депутаттарына осылай деп мәлімдеді. 

Ардақ Теңгебаев, ҚР Қаржы вице- министрі:

Одақ құрылғалы бері Ресей Федерациясы мен Беларусь мемлекеті шарттарды өрескел бұзып келеді. Қазақстанның алкоголь өнімін нарыққа шығаруға тұсау салуда. Ал біз болсақ, Ресей мен Беларусьтың алкоголь өнімдерін еркін қолдана береміз.

Вице-министрдің айтуынша, басты кедергі - қамсыздандыру төлемі. Ол Қазақстан шығарған алкоголь өнімін Ресей мен Беларусьқа тасымалдау барысында алынады. Мәселен, Ресей аумағына 500 теңге тұратын 1 литр арақты кіргізу үшін қосымша 528 рубль төленуі тиіс. Яғни бұл 2640 теңге, өнімнің бастапқы бағасынан 5 есе қымбат.

Вице-министрдің айтуынша, мәселе Кедендік одақ жұмысы бойынша өткен отырыстарда бірнеше рет талқыланған. Бірақ еш нәтиже жоқ. Осыған байланысты вице-министр импорттаушыларға жауап ретінде бақылаушы марка қолдануды ұсынды.

Айта кетейік, аталмыш заң жобасы 4 ақпанда Мәжілісте таныстырылған. Бұл құжат этил спирті және алкоголь өнімдерінің айналымы жүйесіндегі көлеңкелі тұстармен күрес жүргізуге бағытталып отыр.

Сымбат МОЛДАТАЙ