$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Ресей Еуроодақ мемлекеттерінен шошқа еті импортын тоқтатты

AstanaTV
09.04.2014ж. 10:00
1004
Ресей Еуроодақ мемлекеттерінен шошқа еті импортын тоқтатты

Еуропалық одақ Ресей Федерациясына ашулы. Өйткені, Мәскеу-Еуроодаққа мүше елдерден шошқа етін сатып алуды тыйды.

Еурокомиссия таратқан ақпарат бойынша, одақ Дүниежүзілік сауда ұйымына істің мән-жайын зерделеп, түсінік алу үшін шұғыл сауал жолдады. Өйткені, Ресей Федерациясы шошқа етін өз аймағына кіргізбей, Еуроодақ елдерінің ауыл шаруашылығына қомақты залал келтірген.

Ал Мәскеу болса, шошқа етінде африкалық оба табылған соң, амалсыз тыйым салғанын айтады. Бұған дейін Литва және Польша мемлекеттерінде індеттің белгілері пайда болған. Ресей ауыл шаруашылық бақылау органының ресми өкілі Польша және Литва кәсіпорындары түгел тексерістен өтпейінше, өнімді сатып алмайтынын айтты. Ресми өкіл сондай-ақ, бұл шешімнің ешқандай саяси астары жоқ екенін де жеткізді.

Дүниежүзілік сауда ұйымының ережесіне сәйкес, тараптардың бейбіт шешімге келуі үшін 2 ай беріледі. Егер осы уақытта нәтиже шықпаса, арызданушы тараптың мамандардан көмек сұрау құқығы бар. Сондықтан, даудың соңы қалай аяқталары белгісіз.

Сымбат МОЛДАТАЙ