$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Қызылордада 2 млрд теңгеге салынған суды биологиялық тазарту станциясы толық жұмыс істемей тұр

AstanaTV
09.04.2014ж. 20:00
1026
Қызылордада 2 млрд теңгеге салынған суды биологиялық тазарту станциясы толық жұмыс істемей тұр

Қызылордада 2 миллиард теңгеге жуық қаржыға салынған суды биологиялық тазарту станциясы толыққанды жұмыс істемей тұр. Оған қоса станцияның өзін де жөндеу керек. Ал оны күтуге жыл сайын жүз миллион теңгеден артық қаражат жұмсалады. Тақырыпты Шарипа Сақтапова толықтырады.

Бұл станцияда тазартылған су тұтынуға жарамсыз, алайда техникалық мақсатта пайдалануға болады. Станция қызметі әу бастан кедергілерге тап болды. Мемлекеттік комиссия 2005 жылы аяқталмаған нысанды қабылдап жіберген. Қадағалаушы органдардың талабымен мердігер компания кем-кетікті жойды. Мемлекеттік коммуналдық мекеме тек 2010 жылдан бастап қана іске қосылды, оның өзінде ішінара ғана.

Тоқтасын Санақов, «Биологиялық тазарту станциясы» учаскесінің бастығы:

Ескі жоба, 70 жылдардағы жоба. Ол қазір тозығы жеткен құрылғы бәрі. Бүкіл насос стансасының тозығы жеткен. Қазір өндірістен алып тасталған. Технологиясында қазір жаңа насостар жоқ. Сосын трансофрматорлар тозығы жеткен. 

Станцияда жылу мәселесі де шешілмеген. Сондықтан қыста жұмыс тоқтайды. Өзге уақытта тот басқан құрал-жабдықтармен амалдауға мәжбүр. Әйтпесе шаһар лас қалдықтарға бөлшеден батады. Бірегей станция тәулігіне 70 мың текше метр қалдық суды тазартуға қуатты. Қаланың үш кәріз-насосты станцияларынан 35 мың текше метрдей шайынды суды қабылдайды. Су тазарту станциясының проблемасы туралы Парламент өкілдері де көтерді. "Қымбат қондырғы - тиімді жұмыс істеуі тиіс", - дейді депутат Светлана Романовская.

Светлана Романовская, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Біраз уақыт пайдаланбай, станция тұрып қалғанынан, көп құрал-жабдықтар істен шығып, ескеріп қалған. Енді қосымша жұмыс жасап, оған қосымша қаражат керек болып, қазір 150 миллион теңге бөлінді. Сол станция өз мақсатында пайдалануы керек.

Николай Ким, технолог:

Біздің құрал-жабдықтардың барлығы 20 ғасырдікі. Суды жаңа стандарттар бойынша нәрлеуіміз қажет. Ол үшін реконструкция, тіптен толықтай жаңғырту жұмыстары керек.

Мамандар тығырықтан шығар басқа жол жоқ деп отыр. «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық мекемесі нысанның түрлі қажеттіліктеріне жыл сайын 120 миллион теңге жұмсайды. Соған қарамастан кіріс жоқ. Жеке тариф қарастырылмаған. Оның қызметі жалпы кәріз жүйелерін пайдалану тарифіне қосылған. Ал республикалық бюджеттен қосымша бөлінген 150 миллион теңге жобалық-сметалық құжатты дайындауға жұмсалыпты.

Тоқтасын Санақов, «Биологиялық тазарту станциясы» учаскесінің бастығы:

Қазір жобасы бітіп, экспертизаға кеткен шығар. Енді осыған модернизация жасап, автоматизация жасап, осының бәрін жаңартып, салынып жатса, қаланың тазарту, экология жағынан өте көп пайдасы тиеді бұның.

"Сол кезде мүмкін тапсырыс берушілер пайда болып, кіріс кіретін болар", - деп үміттенеді станция басшылығы. Әзірге тазартылған су ауыл шаруашылық жерлерді суаруға немесе қаланы көгалдандыруға пайдаланып жатқан жоқ. Жасанды су қоймасына босқа ағып жатыр.

Шарипа САҚТАПОВА