$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Семей полигонынан зардап шеккен азаматтар Барнауыл қаласындағы ауруханада тегін емделеді

AstanaTV
10.04.2014ж. 20:00
1296
Семей полигонынан зардап шеккен азаматтар Барнауыл қаласындағы ауруханада тегін емделеді

Семей полигонынан зардап шеккен азаматтар Барнауыл қаласындағы ауруханада тегін емделіп, тексерістен өтуге мүмкіндік алды. Қазақстан және Ресей мемлекеттері шекаралық аумақ басшылары мен кәсіпкерлер арасында өткен кездесудің басты нәтижелерінің бірі - осы.

Алтай өлкесінде өткен басқосуда екі жақты әріптестік жөнінде шарт бекітілді. Сондай-ақ Барнауылда Шығыс Қазақстан облысының мәдени күндері өтті. Көршінің жерінде алты қанат киіз үйлер тігіліп, қазақтың салт-дәстүрі көрсетілді. Енді Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас жаңа қарқынмен дами түспек. 

Шығыс Қазақстан облысы мен Барнауыл қаласы арасында берік әріптестік ежелден жалғасып келеді. Ал 2012 жылдан бері көршілес екі өңір бір-бірінде мәдени күндерді өткізуді салтқа айналдырған. Бұл жолы да Қазақстандық делегаттарды көршілер құшақ жая қарсы алды.

Тайлы тұяғы қалмай достық көңіл білдірген көршілеріміз Қазақстан туралы жылы лебіздер айтып жатты. Тіпті қазақ елінің басшысын үлгі тұтып, Нұрсұлтан Назарбаевқа қарап бой түзеп өсіп келе жатқан орыс балалары көп екен.

Александра Цыганова, мектеп оқушысы:

Сіздердің Елбасыларыңыз өзін емес, бірінші кезекте елін ойлайтын басшы. Және Қазақстанның жылдам қарқынмен дамып келе жатқанын білеміз. Қазақстанда он жыл ішінде салынған ғимараттарды бізде тұрғызу үшін, 50 жыл уақыт керек болар еді.

Мәдени күндер барысында біршама ілкімді келісімшарттарға қол жетті. Енді Семей полигонынан зардап шеккен азаматтар Барнауыл қаласының ауруханасында тегін ем алып, сараптамадан өте алады. Екі ел дәрігерлері жуық арада онлайн желі арқылы консилиум өткізуді жоспарлап отыр.

Наталья Воронцова, РФ Алтай өңірі сараптамалық орталығының меңгерушісі:

Өзара ақпарат алмасу, тәжірибемен бөлісу деген тамаша. Біз екі жақты достыққа қол жеткізіп отырмыз. Бірлесіп жұмыс жасайтын боламыз.

Сергей Попов, ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Біз трансплантология саласында бірлесіп жұмыс жасамақшымыз. Күшімізді біріктірсек, 1 жыл ішінде 30 науқастың бүйрегін ауыстыра аламыз.

Ауыл шаруашылығы саласы да назардан тыс қалмады. Екі ел арасында дорба да, жорға да жүретін болып келісілді. Қазақстан Ресейге бал, панты өнімдері жөнелтсе, көршіміз бізге дәнді дақылдардың жоғарғы сұрыпты тұқымын жөнелтпек. 

Бердібек Сапарбаев, Шығыс Қазақстан облысы әкімі:

Бізге екі ел арасында әр салада тығыз байланыс қажет. Ауыл шаруашылық өнімдерінің айналымын екі ел мүлдем қарқындата бастасақ деп отырмыз. 

Александр Карлин, РФ Алтай өлкесінің губернаторы:

Біздің қарым қатынасымыз мәдени болсын, экономикалық, сауда - саттық жағынан болсын тиімді болуы керек. 

Шығыс Қазақстанның Алтай өлкесіндегі мәдени күндерін концерттік бағдарлама түйіндеді. Көрші ел делегаттары жазда Өскеменде өтетін Шығыс Экспо-2017 көрмесіне ат салыспақ. 

Қанат ОРАЛБЕК