Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл-Қостанай тас жолының басым бөлігін топан су басты. Екпінге шыдас бермеген күре жол екіге бөлінген. Жол үстімен сарқырай
аққан су әл берер емес. Ал Мүсірепов ауданында орналасқан су қоймасында да
жағдай қиын. Әбден тозығы жетіп апаттық деп танылған бөгеттерден келер қауіп
мол деген үрей басым. Көктемгі қарбаласты аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин
көріп қайтты.
Бұл жазбаны көлік жүргізушілері түсірген. Олар Петропавл-Қостанай тас
жолымен келе жатып, топан суға тап болған. Артынша сарқырай аққан су тас жолдың
бір бөлігін шайып өтті. Ұзындығы 10 метр болатын шұңқыр пайда болды. Республикалық
маңызы бар күрежол үзілгендіктен, жол бойында ұзын-сонар көлік кептелісі пайда
болды.
Николай Мацедон, Ғ.Мүсірепов ауданы әкімінің орынбасары:
Топан су сәуірдің 5 бастап
ағып жатыр. Ол Қостанай облысының Қарасу ауданынан келді. Бұл жерде жолдың астында екі
жуан құбыр жатыр. Бірақ селдің қарқынын қатты, құбырлармен су өтіп үлгірмейді.
Жағдайдың ушыққаны да содан. Топан су мына жерден өтіп барып, Есіл өзеніне
құяды. Жақын жерде орналасқан ауылдарға қауіп төніп тұрған жоқ.
Қазір апат орнына ауданға қарасты коммуналдық қызмет өкілдері жұмылдырылды.
Жұмысшылар 15 бірлік техниканың көмегімен шұңқырды құммен бітеп әлек. Төтенше
жағдайға орай оқиға орнына облыс әкімі келді.
Самат Ескендіров, Солтүстік Қазақстан
облысының әкімі:
Осы кешке түнге дейін жолды қайта қалпына келтіреміз. Уақытша. Ал
жалпы келешекте мұнда дұрыстап тұрып күрделі жөндеу өткізу үшін осы жол
мәселесімен республикалық қоғамдармен сөйлесіп, келтіреміз оны.
Ал мынау қаладан Рузаев ауылына апаратын жол. Кешеден бері бұл жолмен де су
асып жатыр. Дегенмен төтенше жағдай қызметкерлері айтарлықтай қауіп жоқ деп
сендірді. Жалпы өңірдегі су қоймаларындағы жағдай алаңдатарлық. Мәселен,
Сергеев дамбасының су сыйымдылығы 691 млн текше метр болса, қазір ол 125
пайызға толған. Су деңгейі күннен күнге көтеріліп келеді.
Абзал Құрманкин, тілші:
Есілдің тасығаны сонша, Сергеев су қоймасында судың деңгейі шамадан тыс
асып кетті, 138 сантиметрге. Нысан қызметкерлері бүкіл шлюздарды ашып тастаса
да, су үстінен ағып жатыр.
Геннадий Карахорин, Сергеев су қоймасы су торабының директоры:
Бұл жерде секундына 772 текше метр су ағады.
Шектен тыс, әрине. Тәулігіне шамамен 65-67 млн текше метр. Қазір бізге Тараздан
10 құтқарушы көмекке келді. Апатқа төтеп беруге дайынбыз. Бірақ қауіп төніп
тұрған жоқ.
Шарық су қоймасының да ернеуінен тасу қаупі бар. Ондағы су өткізетін 8
науаның бесеуі апатты. Осыны алға тарқан аймақ құтқарушылар: "Нысанға тез арада
жөндеу жұмыстары қажет", - дейді.
Николай Мацедон, Ғ.Мүсірепов ауданы әкімінің орынбасары:
Шарық су қоймасы 1985 жылы салынды. 8,2 млн текше метрге шақталған. Бірақ әзір мұнда су 10 млн текше метрден асады. Нысан аудан меншігі болып саналады.
Бірақ оны Үкіметтің қарамағына кіргізу керек. Себебі күрделі жөндеуге шамамен
1,5 млрд теңге қаражат қажет. Мұншама қаржыны бөлуге ауданның шамасы келмейді.
Апат айтып келмейді. Төтенше жағдай мамандары қыл үстінде тұрған нысандарға
алаңдаулы. Биыл жөнделмесе, келесі жылға болжам жасау қиын.
Абзал ҚҰРМАНКИН