$479.05 €534.57 ₽5.17
×

12 сәуір - Ғарышкерлер күні

AstanaTV
11.04.2014ж. 20:00
2135
12 сәуір - Ғарышкерлер күні

12 сәуір - Ғарышкерлер күні. Осыған орай ақтөбедегі тілшіміз Мансур Есхожин аспан денелерінің атын иеленген Қызбергеновтер отбасында болып қайтты. Бір үйде Комета, Сатурн, Венера, Шолпан есімді ұл-қыздар өсіп келеді. Көктегі планеталардың жердегі аттастары жайлы келесі бейнематериалда.

Комета Қызбергенованың Ақтөбе қаласында тұрып жатқанына бірнеше жыл болғанымен, қаладағы планетарийге алғаш рет бас сұғып тұр. "Есімі он сегіз мың ғаламмен байланысты болғанымен, аспан денелеріне қызығушылығым жоқ", - дейді. Бірақ құйрықты жұлдыз секілді өр мінезді, жүрген жерін жарқыратқанды ұнатады.

Комета Қызбергенова:

Бала күнімде менің есімім неге өзгелерден ерекше болды? Неліктен Айгүл немесе Айнұр деп атамады деп көп ойлайтынмын. Қасымдағылар келемеждеп, жиі күлетін еді. Жеке куәлік алар сәтте өзгертемін деп жүрдім. Бірақ артынша Комета деген сөздің мағынасын түсініп, ұнатып қалдым.

Қызбергеновтер отбасындағы ерекше есімдерді немерелеріне аталары қойыпты. Қасымхан Қызбергеновтің өзі мектепте физика пәнінен сабақ берген. Жастайынан астрономияға жақын азамат балаларын Нұрлан, Марс, Мерген, Алтынай деп атаса, тұңғыш немересінің есімін Комета қояды. Артынша Сатурн дүниеге келген.

Талжібек Қызбергенова:

Сол жылы Галлей кометасын зерттеп жатты. Комета деген жұлдыз жерге түссе, тіршілікті жоятын жұлдыз болған. Соны 1985 жылы зерттеп бітірген. Галлей кометасы ешқандай зияны жоқ жерге түскенде деп. Өзі астролог солай деп түсіндірді. Комета деген ол өткір қыз болады деп, атақты қыз болады деп түсіндірді.

Үлкен үйдің бүгінгі иесі Сатурн Қызбергенов те өзіне есімі берілген Сатурн ғаламшарының негізі - темір металлына жақын. Автокөлігін қанатты пырақтай баптап отырады. Әр адамның атына заты сай болуы тиіс дейді. Айтуынша, ерекше есім иесі болу да оңайға түспейді.

Сатурн Қызбергенов:

Сатурн деп айтсам, маған күледі. Қалай-қалай деп. Мен Сатурн деп айтам. Неге ол Сатурн, мен білмеймін, атам қойған. Солай деймін. Сөйлескен кезде барлығы қызығып, әрі сөйлесейік, жақын сөйлесейік деп айтқан адамдар болды.

Халық дәстүрінде, шыр етіп дүниеге келген нәрестеге есім тандауға ерекше мән берілген. Сәбидің атын ол туылған сәттегі тарихи оқиғаларға сәйкестендіретін кездер де болады. Ал ғарышқа ғашық болып, ұрпағына аспан денелерінің есімін бергендер бірен-саран болса да кездеседі.

Бибігүл Мұстафина, Ақтөбе облыстық планетарий қызметкері:

Біздің қызметкеріміз ұлына Альтаир деген есім берді. Қыран жұлдыздар шоғырындағы ең жарық және негізгі жұлдыз. Мағынасы ұшқыр қыран дегенді білдіреді. Нәресте болашақта биіктен көрінсін деп атады.

Облыстық планетарий қызметкерлері әдемі әрі мағыналы есім таңдауға көмектесуге дайын екенін жеткізді. Ғаламшардағы түрлі денелердің атын иеленіп жүрген Қызбергеновтер отбасы осы үрдісті жалғастырып, болашақ балаларын Нептун мен Плутон деп атауды да ойластырып қойған.

Мансұр ЕСҚОЖИН