$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Соғыс кезінде тұтқында болған 10 қазақстандық Германия үкіметінен өтемақы алуға өтініш берді

AstanaTV
06.05.2016ж. 20:00
4361
Соғыс кезінде тұтқында болған 10 қазақстандық Германия үкіметінен өтемақы алуға өтініш берді

Германия үкіметі соғыс кезінде тұтқында болған кеңес жауынгерлеріне өтемақы төлемекші. Олардың әрқайсысы 2,5 мың еуродан алады. Бұл жөнінде біздің арнамызға Президент мұрағатының қызметкерлері хабарлады. Бұл қаржыны алуға 1941 жылдың маусымы мен 45 жылдың мамыры аралығында белгілі бір кезеңде немістердің тұтқынында болғандар ала алады. Бүгінде мұрағат қызметкерлері оларды іздестіруге кіріскен. 

Соғыс кезінде тұтқында болған көзі тірі қазақстандықтардың басым бөлігі Оңтүстік Қазақстанда тұрады. Солардың бірі - Шерім Сауранбаев. Өтемақы алуға құжаттарын әзірлеп, өткізген. 1942 жылдың қаңтарында  жиырма жасында әскерге шақыртылған ол 337-ші атқыштар полкінің құрамында алғаш рет Сталинград түбінде ұрысқа кірісіпті.

Шерім Сауранбаев,  Ұлы Отан соғысы кезіндегі әскери тұтқын:

Қоршауда қалдық қой сол, қоршау, бізді қоршап алған. Частімізді қоршап алғаннан кейін, бес-он күн, әйтеуір, немістердің қарамағында жұмыс істейміз. Екі-үш сәтке аш жүрген күндер болды. Нәр таппай жүрген күндер болды.

Қарағандылық Николай Гаврилов та немістердің тұтқынында болған азапты күндерін ұмытпайды. Қарт жауынгер лагерьдің атын есіне де түсіргісі келмейді. Алайда соғыс көріністерін жадыңнан мүлде өшіру мүмкін емес, деген қарт жауынгер, бұл ақша сол бір азапқа толы күндеріміздің өтеуі іспетті, деген пікірін білдірді.

Николай Гаврилов, Ұлы Отан соғысы кезіндегі әскери тұтқын:

Зауытта әскери тұтқындармен бірге қарапайым азаматтар да жұмыс істеді. Біз әскерилер танктердің моторын тазалап, жөндедік. Сондағы алатынымыз күн ара бір бөлке нан. Жұмыс ауыр болды.

Бүгінде Қарағанды облысында 266 отан соғысының ардагері бар. Олардың қаншасының тұтқында болғаны әзірге белгісіз. Ал, Жамбыл, Қызылорда облыстарында мұндай қариялар қалмапты.

Ғазиза Садырбаева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

Фашистердің лагерлерінде тұтқынында болған азаматтар әзірге тіркелген жоқ. Яғни сол Герман елінен алатын бір жолғы өтемақыға өтініш түскен жоқ. Тұтқында болғандар бар, бірақ қайтып кеткен кісілер екен біздің тексеруіміз бойынша.

Германия үкіметі ТМД аумағында тұрып жатқан бұрынғы тұтқындарға өтемақы төлеу туралы шешімді былтыр шығарған. Ол үшін азаматтар жау қолында болғанын дәлелдеуі тиіс. Мәліметтер базасында 35 мыңдай бұрынғы тұтқындар туралы дерек бар. Ал олардың ішінде көзі тірісі санаулы ғана. Бүгінге дейін өтемақы алуға 10 адам өтініш берген.

Борис Жапаров, Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының директоры:

Қорғаныс министрлігіне хат жолдадық. Себебі олбыстардағы қорғаныс департаменттерінің қолдарында ондай деректер болуы мүмкін. Және де біраз деректер Ішкі істер министрлігінің архивінде сақтаулы. Бірақ ол жерде тәртіп, қолдарындағы жаңа құжаттарға қолжетімділік шектеулі. Ал, Ресей архивтерінде, біз білеміз, миллиондаған жаңағы түбіртектер, карточкалар сонда жатыр. Сұрыпталмаған, өңделмеген. 

Айгүл Ермахан, тілші:

Президент мұрағаты директоры Борис Жапаров соғыста тұтқында болған азаматтарды іздеу жұмыстарының бір жылда тек 20 пайызы орындалғанын айтады. Оған елдегі дағдарыс, қаржы тапшылығы қолбайлау болатынын айтты. Бірақ соған қарамастан, іздеу жұмыстарын жыл сайын жалғастырмақ. Осы мақсатта жаңа деректер базасын қамтыған «тұтқын кз» сайты бар. Ал өтемақыны төлеу мерзімі келер жылдың қыркүйегіне дейін жалғасады.

Айгүл ЕРМАХАН