$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Орал облысының Дариян аулында татулық кеші өтті

AstanaTV
14.04.2014ж. 10:00
1566
Орал облысының Дариян аулында татулық кеші өтті

Батыс қазақстандықтар үшін көңілді мереке күндерінің саны көбейген. Мұндағы әр ұлттың өкілдері өздерінің салты мен дәстүрін паш етіп, мұны думанды тойға айналдырғаны қашан. Бұл жолы дәл осындай татулық кеші Дариян ауылынды өтті. Мұнда бірнеше ұлттың өкілдері тұрады. Түрі басқа болғанымен, тілегі бір екенін осы күні де көрсетті.

Дарияндық ұлттық мәдени орталық өкілдері азаннан жиылып, дастарқан жаюға кірісті. Роза Латифуллақызы үшін де бұл күн мерекеге бергісіз. Көктемнің шуақты күнінде қарбалас тірліктен бір серпілген қария татар халқының ұлттық тағамдарын әзірлепті.

Роза Кумаева, татар ұлттық мәдени бірлестігінің өкілі:

Бірге жүреміз, бәйрамды бәріміз бірге встречаем. Біргә отырамыз, сосын чырлаймыз дегендей. Бізде жоқ, что сен орыс, сен татар, сен қазақсың...
, ол жоқ бізде. Бізде все стабильно, все нормально.

Сәуле Жұмағазиева, «Ақ шағала» әжелер вокалды тобының мүшесі:

2001-де Қазақстанның егемендігіне он жыл болғанда жиналдық 18 адам болып. Қазір 13 адам осында қызмет істейміз бәріміз. Қазақтың салт-дәстүрін, бесікке салу, қымызмұрындық, келін түсіру, бүтін салт-дәстүрінің бәрін осында істейміз.

Бүгінде Дариян ауылында қазақ, татар, орыс пен белорус, украиндардың ұлттық мәдени орталықтары бар. Олардың әрқайсысы өз мәдениетін дамытып, туған тілін сақтауға мүмкіндік алған. Әлбетте, мемлекеттік тіл де ұмыт қалған емес. Бүгінде бір-бірімен туыс-бауыр болып кеткен ауылдастар барлық мейрамды бірге тойлап, бір дастарқан басына жиналуды әдетке айналдырған.

Көршілер бастамасы осыдан 14 жыл бұрын басталып, қазір кеңінен таралған халықтық дәстүрге айналды. Қазір апта сайын әрбір мереке күндері бауырлас халықтар бір-біріне қонаққа келеді. Біз де украиндықтарға қонаққа келдік, санаулы уақыт ішінде осы ұлт өкіліне айналып шыға келдік.

Мемлекет басшысы - Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХI сессиясында ел халқының бірлігін нығайту мақсатында республика деңгейінде «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасын өткізуді тапсырған еді. Дарияндықтар бұл жобаға да үлес қосты. Аудан көлемінде өткен шаралар эстафетасы Бөкей Ордасы мен Жәнібек аудандарына тапсырылды.

Вера Шохина, Қазақстан халқы БҚО Ассамблеясы төрағасының орынбасары:

Ұлттық мәдени орталықтарды құру туралы бастаманы тұрғындардың өздері көтерді. Біз олардың бұл ұсынысын қабыл алдық. Қазір аудан көлеміндегі кез келген мәдени шара олардың қатысуынсыз өтпейді. Тұрғындарға толеранттылықты сіңіріп, халықтар достығын нығайту мақсатында көптеген жұмыстар атқарып жатыр. Олардың бұл ісіне ауылдастары да үлкен құрметпен қарайды.

40-тан астам ұлт өкілі тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан Дариян ауылында әзірге небары бес мәдени бірлестік қана бар. Биыл олардың қатарын әзірбайжан ұлтының өкілдерімен толықтыру көзделіп отыр.

Еркін ҚАРИН

Алдыңғы жаңалық