$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Тәжік-ауған шекарасында ұрысқа қатысқан ардагерлерге құрмет көрсетілді

AstanaTV
15.04.2014ж. 20:00
12307
Тәжік-ауған шекарасында ұрысқа қатысқан ардагерлерге құрмет көрсетілді

Бүгін - қазақстандықтарға тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығыстарға қатысуға пәрмен берілген күні. 1993 жылдың 15 сәуірінде ҚР Жоғарғы кеңесінің «Тәжік-ауған учаскесіндегі ТМД-ның сыртқы шекарасын күшейту туралы» қаулысымен саны 500 адамға жететін жеке құрама атқыштар батальоны құрылды. Сегіз жылға созылған ұрысқа сегіз жарым мың қазақстандық қатысқан. Бүгін айтулы датаға байланысты Атырауда тәжік-ауған шекарасындағы ұрыстарға қатысушылардың әскери шеруі өтті.

Тәжікстанда 1992 жылы басталған азаматтық соғыс кезінде тәжік-ауған шекарасындағы қауіпсіздік босаңсыды. Ауған содырлары шекара арқылы есірткі мен қару-жарақ тасыған. Шекара бұзған қарулы топтарға тосқауыл қою мақсатында 1993-2001 жылдар аралығында бітімгершілік операциясы жүргізіліп, қақтығыс аймағында 35 қазақстандық сарбаз қаза тапты. Солардың жетеуі атыраулықтар.

Бүгінгі шарада сарбаздардың ерлігіне тағзым етілді. Сондай-ақ сол әскери қақтығыстардан аман оралғандарға "жеке құрама атқыштар батальоны ардагері" медалі табысталды. Олар бүгінгі марапатты тәжік-ауған шекарасындағы оқиғаға берілген алғашқы лайықты баға деп бағалап отыр. Өйткені шекара қорғандарына әлі күнге ардагер мәртебесі берілмей келеді.

Арман Ақбатыров, Тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығыстарға қатысушы:

15 сәуір - тәжік-ауған шекарасының құрылған күні, 1993 жылы. Сол кезде ең бірінші Қазақстанның батальоны атынан біздер ең бірінші рет сол жерде әскери қызметтерімізді көрсеттік. Сыртқы шекараны күшейту үшін ғой. Тәжік-ауған шекарасында болған міндеттерімізді Қазақстан үшін еңбектеріміз бар деп деп есептейміз. 

Күнімай Олжабаева, Тәжікстандағы Қазақстандық әскери миссияға қатысушының анасы:

Балам 1996 жылдың аяғында кеткен, 1998 жылы келеді деп күтіп отырғанда осындай хабар келді. Тәжікстан мен Ауғанстан арасындағы шекарада қайтты деп. Содан бері көргеніміз ғой енді қайғы ғой. 

Базаргүл ІЗІМОВА